"Аяулым" - елге ерін танытқан әсем ән

"Аяулым" - елге ерін танытқан әсем ән

Белгілі әнші, халықаралық байқаулардың жеңімпазы Бауыржан Исаев есімі аталса, ойға бірден «Аяулым» әні оралады. Қос ғашықтың бір-бірлеріне мейірлене қарап, емірене айтар сөзі тақырып болған әннің авторы сазгер Төлеген Мұхамеджанов, ал сөзін ақын Шөмішбай Сариев жазған.

Әнші Бауыржан Исаев

Бірде Төлеген Мұхамеджанов шаңырағына қонақ болып қазақ поэзиясының тарландарының бірі ақын Шөмішбай Сариев келеді. Дастархан басында сазгер мен ақын әңгіме-дүкен құрып отырады. Бір кезде сазгер ақын ағасынан: «Дайын әуенім бар еді, соған махаббат тақырыбында жазылған өлең болса беріңіз, аға» деп сұрайды. Ақынға дайын әуенді тыңдатады. Әуен ақынға бірден ұнап қалады. Бірден ойына жастық шағында жазылған «Аяулым» өлеңі оралады. Бұл өлеңнің жазылуына жеке адамның емес, жинақы бейненің тағдыры арқау болған екен. Әуен мен өлең өзара үйлесім тауып, «Аяулым» әні дүниеге келеді.

Сазгер Төлеген Мұхамеджанов

Бұл ән әншінің, ал әнші әннің бағын ашқан. 1996 жылы Бауыржан Исаев «Азия дауысы» байқауында топ жарып, бас жүлдеге ие болады. Ал 1997 жылы байқауға арнайы қонақ ретінде шақырылады. Дәл сол кезде жас әншіге белгілі сазгер Төлеген Мұхамеджанов «Аяулым» әнін өзі ұсынады. Сазгер бұл әнді өз қоржынында он жылдай сақтап, орындаушысын жаңылмай таба білді.

Ақын Шөмішбай Сариев

Бауыржан Исаев 1997 жылы жарық көрген тұңғыш күйтабағын «Аяулым» деп атаған болатын. Шоқтығы биік «Аяулым» әні елге әнші Бауыржан Исаевты танытты. Әнші жас та болса, әнді жоғары кәсіби шеберлікпен орындап, биікке самғата білді.

Аяулым

Сөзін жазған: Шөмішбай Сариев

Әнін жазған: Төлеген Мұхамеджанов

Орындаушысы: Бауыржан Исаев

 

Дос-жаранмен түсінісіп,
Жарастым ба, білмеймін.
Құпиясын дүниенің,
Жаңа аштым ба, білмеймін.
Өмір деген - қалың орман,
Адастым ба, білмеймін.

 

Қайырмасы:

Өмір түгіл өзімді де білмеймін,
Сені ойласам, төзімді де білмеймін.
Бір білерім - сені сүйген екенмін,
Сені мәңгі аялаумен өтермін.

 

Тәңірімнен қуат бер деп,
Сұрадым ба, білмеймін.
Жан түсінбей жүрегімді,
Жыладым ба, білмеймін.
Сан сүрініп тіршілікте,
Құладым ба, білмеймін.

 

Қайырмасы:

Өмір түгіл өзімді де білмеймін,
Сені ойласам, төзімді де білмеймін.
Бір білерім - сені сүйген екенмін,
Сені мәңгі аялаумен өтермін.

 

Ғашық дерті махаббаттан,
Нәр алдым ба, білмеймін.
Дүниеге жұмбақ болып,
Жаралдым ба, білмеймін.
Бар ма, жоқ па, бақытымды,
Таба алдым ба, білмеймін.

 

Қайырмасы:

Өмір түгіл өзімді де білмеймін,
Сені ойласам, төзімді де білмеймін.
Бір білерім - сені сүйген екенмін,
Сені мәңгі аялаумен өтермін.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: kzmz.region.kz, altyn-orda.kz, vk.com, yvi.kz

Ғ. Ұзақ