"Қазақстан дауысы" жобасының үшінші маусымына іріктеу басталды

"Қазақстан дауысы" жобасының үшінші маусымына іріктеу басталды
Фото: massaget.kz

19 мамырда «Қазақстан дауысы» танымал вокалдық жобасының үшінші маусымының іріктеу кезеңі басталады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

«Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Қазақстан дауысы» атты танымал музыкалық жобасы еліміздің талантты ұл-қыздарын мегажобаның үшінші маусымында бақ сынауға шақырады. Іріктеу шаралары еліміздің батысы мен шығысында, солтүстігі мен оңтүстігінде өтеді.

Үшінші маусымның іріктеу кезеңдері 19 мамырда Ақтау қаласынан басталады (2 ықшам аудандағы «Ақтау» қонақ үйі), 21 мамырда Семей қаласындағы Б.Момышұлы көшесі, 43 мекенжайы бойынша орналасқан қалалық мәдениет үйінде өткізіледі.

Астана қаласындағы іріктеу кезеңі 23 мамырда Абай к. 47, «Ramada plaza» қонақүйінің ғимаратында, Алматы қаласында 28-29 мамырда әл-Фараби даңғылы, 176 мекенжайында орналасқан «Қазақфильм» киностудиясы ғимаратында өткізіледі.

Жобаға 18 бен 50 жас аралығындағы орындаушылар қатыса алады.

Аталған жобаның өзге байқаулардан ерекшелігі, бұл байқау қатысушылардың тек дауысқа сүйеніп, бақ сынайтындығы. Еліміздің танымал жұлдыздары алғашқы тыңдау сынағында жүзден астам қатысушылардың ішінен үздіктерін таңдап, төрт команда құрайтын болады. Ақтық мәреге төрт үміткер қатысады, олардың ішінен үздік орындаушы SMS-дауыс беру арқылы анықталады.

Финалға дейінгі әрбір кезеңде үміткерлер кәсіби команда тәлімгерінен сабақ алады. Таланты мен тәлімгерден алған білімінің арқасында алға озған үміткер жеңімпаз атанары сөзсіз.

Бұл жоба The Voice of Holland (Нидерланды) немесе «Голос» түпнұсқалық форматының қазақстандық нұсқасы. Жоба 2013 жылдың жазында басталды. «Қазақстан дауысы» жобасының алғашқы маусымының жеңімпазы - Қостанай облысының тумасы 27 жастағы Шахаризат Сейдахмет. Орындаушының тәлімгері - Нұрлан Албан. Көрермендердің таңдауы бойынша, «Қазақстан дауысы» танымал музыкалық жобаның екінші маусымының жеңімпазы атағына және 5 млн теңгеге Алмас Кішкенбаевтың тобындағы Бауыржан Ретбаев ие болды.

«Қазақстан дауысы» 3 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең - барлық қатысушыларды тыңдау арқылы қазылардың әрқайсысы төрт топ құрады. Екінші кезеңде әртүрлі топтардың мүшелерінен құралған жұптық сайыс өткізіледі. Үшінші кезеңде жеңімпаздарды халық SMS-дауыс беру арқылы анықтайтын болады.

Тележобаға қатысып, бағымды сынаймын деген үміткерлер Алматы қаласындағы +7 727 250-65-61 телефоны немесе thevoice.kz сайты арқылы толық ақпарат алуына болады.

Ұқсас жазбалар:

Қазақстан дауысы – 2014, 2 маусым. Жеңімпаз кім? (Видео)

«Қазақстан дауысының» төрт финалисі

Ф. Абилова