Қадыр Мырза Әлінің 80 жылдық мерейтойына арналған ән-жыр кеші өтеді

Қадыр Мырза Әлінің 80 жылдық мерейтойына арналған  ән-жыр кеші өтеді

Ұлттық кәсіби музыка өнерінің қарашаңырағы атанған, әлемге әйгілі Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі 2015 жылдың 6 сәуірі күні Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтық иегері, ақын Қадыр Мырза Әлінің 80 жылдық мерейтойына арналған «Нағыз қазақ – домбыра» атты ән-жыр кешін өткізеді.

Кеште Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Донеділ Қажымов, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртістері: Сауық Жақанова, Сауле Таудаева, Қ.Р Еңбек сіңірген қайраткерлері: Дәлел Уәшев, Гүлнұр Оразымбетова, ҚР Мәдениет қайраткерлері: Гүлмира Ақүрпекова, Қайрат Какимов, Мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының иегерлері: Айгүл Қосанова, Батыржан Мықтыбаев, Халықаралық және Республикалық конкурстардың лауреаттары: Фархат Кубиев, Тахауи Рахметов, Амангелді Күзеубайлар ақынның шығармаларын орындайды.

Оркестрдің бас дирижеры: Мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының иегері – Арман Жүдебаев, дирижерлар: Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері – Жанас Бекентұров, Мәдениет қайраткері – Жексен Айсын.

Қадыр Мырза Әлі ақындық жағынан да, азаматтық жағынан да ел тарихында биіктен көрінген, халқының сый-құрметіне бөленген қайраткер, қолынан жүйрік қаламы түспеген үлкен талант иесі.

Қазақ әдебиетінің қара нары Қадыр Мырза Әліге арналған ән-жыр кешінен құр қалмаңыз. Басталуы: сағат-18:30-де.

Сурет: yvision.kz

Ш. Талап