"Алтайдың ар жағынан келген ару" әні ғашықтықтан туған ән емес

"Алтайдың ар жағынан келген ару" әні ғашықтықтан туған ән емес

Сәкен Қалымовтың орындауындағы «Алтайдың ар жағынан келген ару» әні өткен ғасырдың 90 жылдарында жарыққа шығып, бірден үлкен танымалдылыққа ие болған еді.

Әннің әуенін де, сөзін де белгілі ақын-сазгер Тынышбай Рақым (1946-1999) жазған еді. Ән үлкен танымалдылыққа ие болып, ел арасында әннің туу тарихына байланысты небір алып-қашпа әңгімелер көбейіп кетті.  Бәзбіреулер тіпті, ән авторы Алтайдан келген жас қызға ғашық болып, соған қосылып, өз жанұясын тастап кетіпті деген еді. Бұл сөздер Тынышбай Рақымның жанына қатты батып, көрнекті ақын көзі тірісінде әннің шығу тарихын телевизиялық бағдарламаларға сұхбат бергенде толық баяндап жүреді.

Тынышбай Рақым (1946-1999)

1991 жылы Қытай елінен Қазақстанға арнайы шақырумен әр түрлі өнер өкілдері келеді. Қытайдан келген делегация ішінде Әмина Еркешқызы есімді қазақ қызы жүреді. Өзі Үрімші қаласындағы қазақ телевизиясында диктор болып қызмет етеді екен. Ол екі елдің арасында аудармашы болады. Екі жақты кездесудің талаптары бойынша тек ресми түрде сөйлесу керек. Делегация мүшелері бір-біріне жөнсіз жақындап, әңгімелеспеуі керек. Игі шара аяқталған соң, қонақтар қайта бастайды. Ал Әмина болса қайта-қайта артына қарап, атамекенін қимай жатады. Мұны сырттан байқаған Тынышбай Рақым қарындасына жаны ашып, қарындасымен тіпті, тілдесе алмағанына іштей өкініп жатады да, ішінен: «Қимайтын жан екенсің жат ұяға» деп айтады. Кейін үйіне келіп қалған өлең жолдарын жазып, күйсандыққа отырып, әуенін жазады.

«Алтайдың ар жағынан келген ару» әні көпшілік ойлағандай махаббатан туған ән емес. Тұңғыш рет 1993 жылы «Кеш жарық» бағдарламасында әнші Сәкен Қалымов шырқаған. Бұл ән өзге елде тұрып жатқан қазақ бауырлардың рухын көтеріп, «елге оралыңдар, бауырлар» деген үндеу іспетті болған еді.

Алтайдың ар жағынан келген ару

Cөзі мен әнін жазған: Тынышбай Рақым

Орындаушысы: Сәкен Қалымов

Қимайтын жан екенсің жат ұяға
Қарғам-ау, кез келдің-ау қапияда, шіркін

Мөп-мөлдір жанарың-ай
Жаз дидар жамалың-ай
Қалдым-ау тіл қата алмай, қарағым-ай
Қасыңа бара алмадым
Сездің бе жан арманым
Еріксіз, қалқам саған ән арнадым

Сүйсіндім сымбатыңа, қабағыңа
Ұқсаттым асқар Алтай маралына, шіркін

Мөп-мөлдір жанарың-ай
Жаз дидар жамалың-ай
Қалдым-ау тіл қата алмай, қарағым-ай
Қасыңа бара алмадым
Сездің бе жан арманым
Еріксіз, қалқам саған ән арнадым

Алтайдың ар жағынан келегн ару
Жарқ етіп қарағаның емге дәру, шіркін

Мөп-мөлдір жанарың-ай
Жаз дидар жамалың-ай
Қалдым-ау тіл қата алмай, қарағым-ай
Қасыңа бара алмадым
Сездің бе жан арманым
Еріксіз, қалқам саған ән арнадым

Баянды болсын сенің құшар бағың
Қолыңды қош айтысып қыса алмадым, шіркін

Мөп-мөлдір жанарың-ай
Жаз дидар жамалың-ай
Қалдым-ау тіл қата алмай, қарағым-ай
Қасыңа бара алмадым
Сездің бе жан арманым
Еріксіз, қалқам саған ән арнадым

Мөп-мөлдір жанарың-ай
Жаз дидар жамалың-ай
Қалдым-ау тіл қата алмай, қарағым-ай
Қасыңа бара алмадым
Сездің бе жан арманым
Еріксіз, қалқам саған ән арнадым

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: oks.kz, kazakh.ru

Ғ. Ұзақ