Балалық шақтың жаңажылдық әндері

Балалық шақтың жаңажылдық әндері

Жаңа Жыл мерекесіне орай, сіз Ақерке Тәжібаева және Гүлжанат Күлжановамен бірге қосылып, ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен танымал жаңажылдық әндерді орындап бердіңіз. Қорлан, осы мерекенің сіз үшін қандай маңызы қандай?

Жаңа Жыл мерекесі - дәстүрлі мерекелердің бірі. Оған әрбір жанның ерекше дайындығы болатыны сөзсіз. Мен де Жаңа Жыл мерекесін жанұяммен бірге өткіземін. Алайда, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін мен үшін Жаңа Жыл ол көктем мезгілінің ең керемет мейрамы - Наурыз. Түркі халықтарына тән ұлттық Наурыз мейрамына көңіл бөліп, халқымыз оған нағыз жаңа жыл мерекесі ретінде қарап, қыста қарсы алатын Жаңа Жыл мерекесі сияқты ерекше дайындалса деген тілегім бар.


Қорлан Кәртенбаева

Есіңізде ерекше қалған Жаңа Жыл мерекесі?

Әрқайсысымыз үшін бала кезде қарсы алған Жаңа Жыл мерекесі ерекше деп ойлаймын. Себебі, бала кезде тәтті қиялға беріліп, таңғажайып сиқыр күшіне сенесің, бұл күні армандар орындалады. Жаңа Жылда Аяз Ата көптен күткен сыйлықтарды табыстап, іште жатқан тілектердің орындалуына ықпал етеді. Есімде ерекше қалған Жаңа Жыл бала-бақшадағы жасыл шырша жанында өткізілген мерекелік ертеңгіліктер деп ойлаймын.

Бала күніңізде Аяз Атаға, мерекелік ертеңгіліктерде айтқан өлең-тақпағыңыз есіңізде ме?

Шыны керек, бала кезімде айтқан өлең-тақпақтарым есімде қалмапты. Әйтеуір, Аяз Ата туралы мына бір тақпақ есімде:

Аяз ата келіп тұр

Бізге сәлем беріп тұр

Өлең айтқан балаға

Сыйлық әкеп беріп тұр 


Ақерке Тәжібаева

Бала кезіңізде қандай мерекелік киім кигеніңіз есіңізде ме?

Жаңа жыл мерекесіне қыз балалар әдемі бүрмелі көйлектерін кисе, ер балалар ертегі кейіпкерлерінің киімдерін киетін. Әсіресе, қоянның киімі көп кездесетін. Өз басым, есте ерекше қаларлықтай киімдерді көп кие алмаған соң, мерекелік киімдерім есімде жоқ.

2012 жылды қарсы алуға дайындығыңыз қалай? Қайда қарсы алуды жоспарлап жүрсіз?

Мен үшін бұл мерекені жақын жақындарыммен өткізу үлкен бақыт. Жаңа 2012 жылды отбасыммен бірге қарсы алуды жоспарлап жүрмін.


Гүлжанат Күлжанова

Келер 2012 жылдан не күтесіз?

2012 жылы еліміздің жағдайы жақсарып, кең-байтақ жерімізде тыныштық пен татулық орнасын деген ниетім бар.

Жаңа жылға тілегіңіз

 Келе жатқан 2012 жыл ең бастысы елімізге құт-береке әкелсін! Әр шаңырақта жақсы өзгерістер көп болып, шаттанатын қуаныш орнасын!

Шын жүректен мықты денсаулық, мол бақыт пен зор табыс тілеймін! Аман-есен болып, арман-мақсаттарымызға жете берейік!

Интервью Корлан Картенбаевой на русском языке читайте здесь