Айгүл Иманбаева мен Жанар Айжанова өз хит-парадын ашты

Айгүл Иманбаева мен Жанар Айжанова өз хит-парадын ашты

Нағыз халықтық думан «Еліміздің ең басты тойы» деген атау алған КТК арнасындағы «Той BestStar» жобасы үшінші маусымын бастайды. Бұл туралы Massaget.kz порталына аталған жобаның баспасөз бөлімі хабарлады. Бұл маусымда Тұрсынбек Қабатов, Мейрамбек Беспаев, Сәкен Майғазиев, Сейфуллин Жолбарыс, «Жігіттер» квартеті, Жанар Дұғалова сияқты өнер жұлдыздары көрерменмен қауышады. 

Жаңа маусымның алғашқы бағдарламасы «Тойдың үздік әндері» тақырыбынан бастау алады. Тақырыпқа сай, бағдарлама қонақтары үздік әндердің, яғни, хит әндердің орындаушылары болмақ. Ең алғашқы қонақ - 2014 жылғы той маусымының чемпионы Асхат Тарғынов. «Чип-чип, Мария-Магдалена» деп ән салып жүрген бойдақ жігіт өзге ұлттың қызына қалай ғашық болғаны туралы шындықты ашпақ... Сөз соңында «Аспанға қараймын» әнін орындайтын Абай Бегей екеуі жақында дуэт құрайын деп жүргенін жасырмады.

«Қызыл өрік» деп талай тойдың сәні мен би алаңының шаңын шығарған Ақылбек Жеменейді де «Той BestStar»-дан көре аласыздар. Ақылбектің қаншалықты шындықты жақсы көретінін «Өтірік детекторы» дәлелдейді.

Жобаның авторлары «Әлеуметтік әлем» деп аталатын жаңа айдарды ұсынып отыр. Айдарға #toibeststar хэштегі арқылы «тойбастар»-ды ұстап түскен суреттеріңізді жіберсеңіздер болады. "Мейлі, табақ, қоржын болсын! Ең үздік суретке арнайы сыйлығымыз бар!" - деп жар салуда «Той BestStar» жобасының авторлары. 

Көрерменге тағы бір сый - «Ал, енді, не дейін?» атты айдар туған-туыс, дос-жарандарына құттықтау айтқысы келген адамдарға арналады. Әр тойдың 75% құрайтын тілектер легінің сапасы анықталмақ. 

«Той BestStar»-дың үшінші маусымы «Жанар мен Айгүл ондығы» деген атпен хит-шеруді ашық деп жариялайды. Хит-шеруде әртүрлі тақырып бойынша  үздіктер анықталып, сарапталады. Сүйікті жүргізушілер халықты жаңарған, жарқыраған өзгеше киім үлгілері, стилімен таң қалдырмақ.

Көрерменнің сұрауы бойынша, «Тойжаршы» байқауы өз жұмысын жалғастырады. Еліміздің танымал өнер жұлдыздарының тойларымен бірге, сіздің де үйдің тойы додаға түсуге лайықты. Сондықтан, қызыққа толы той видеоларын «Той BestStar»-ға жолдаңыздар. 

Жоба әр сенбіде КТК арнасынан көрсетілетінін естеріңізге саламыз. 

Сурет: «Той BestStar» жобасының баспасөз бөлімі 

М. Оңғарова