"Ұнатамын мен сені" - нақты бір аруға арналмаған ән

"Ұнатамын мен сені" -  нақты бір аруға арналмаған ән

Ұнатамын мен сені, дегенменен, 

Көрмегенді басқадан сенен көрем. 

Өз обалың өзіңе, өзіңнен көр, 

Ғайып болсам, бір күні егер де менТаныс ән бе? Кейбірі көше әні деп ойлап жүрген бұл әннің өз авторы бар. Ән сөзінің авторы – ақиық ақын Мұқағали Мақатаев, ал ән авторы – атыраулық белгілі бард әнші Табылды Досымов. Қолына гитарасын алған кез келген орындаушының аузына бірден оралатыны да осы ән болар, сірә.

Дүниеге келгеніне жиырма жылдың көлемі болған бұл ән қазір де жастардың махаббат әнұранына айналғандай. Осы уақытқа шейін үлкеннің де, жастың да аузынан түспей, шырқалып жүрген әннің тарихынан хабарыңыз бар ма? Бұл ән сазгерді шығармашылық шарықтау деңгейіне жеткізгені айдан анық. Ән 1988 жылдың көктемінде өмірге келген көрінеді. Ата-анасының жалғыз ұлы болған Табылды ағамыз әкесінің жаңадан алған үйінің кем-кетігін жөндеу үшін академиялық демалыс алып, Алматыдан ауылға келеді. Қайда жүрсе де, жанынан гитарасын бір елі қалдырмайтын сазгер ауылда құр жатпай, «Ұнатамын мен сені» әнімен қатар, «Қара гүл», «Сәйгүлік» сынды әндерді жазады. «Үйдің ішінде бір шифоньерден басқа ешқандай дүние жоқ, өлең айтсаң, дауысың жаңғырып, әдемі естілетін. Шифоньердің ортасында айна болады ғой, сол айнаның алдында өзіме-өзім қарап отырып, ән айтқанды жақсы көретінмін. Сол кездер мен үшін сәтті уақыт болды» - дейді өз сөзінде Табылды аға.

Наурыз айы туғанда оқуын жалғастыру мақсатында Алматыға қайта оралады да, әнді ең алғаш рет шығармашылық досы Жұматай Жақыпбаевқа орындап береді. Әнді жазбас бұрын Мұқағалидың алты шумақ өлеңінің тек үш шумағын ғана алады да, «ырқыңа» деген сөзді «еркіңе» деп алмастырады. Ән мәтініне аздаған өзгертулер енгізіп, қайырмасын өзі жазғанынан қысылып отырған досына Жұматай аға: «Мұқаң тірі болса, «керемет ән» деген болар еді, айта бер», – депті. Оның сөзін басқа да сол кездегі ақындар қолдап, содан бері ән студенттер арасында тез таралып кеткен. Әннің өзге әндерден ерекшелігі – бұл әннің нақты кейіпкері жоқ. Белгілі аруға деген махаббаттан дүниге келген ән емес, ол тек жап-жас жігіттің жүрек ліпілінен шыққан ән. Әйтсе де, «әннің кейіпкері – мен» деп жүрген бойжеткендер болған көрінеді. Бұл туралы автор «ән ортақ образға жазылғанымен, «маған арналыпты» деген әр қыздың жүрегінде қала бергені дұрыс» дегенді айтады. Кейінірек осы атпен оның ән жинағының тұсауы кесіледі.

 

Ұнатамын мен сені

Сөзі: Мұқағали Мақатаев

Әні: Табылды Досымов

 

Ұнатамын мен сені  дегенменен,
Көрмегенді басқадан сенен көрем.
Өз обалың өзіңе, өзіңнен көр,
Ғайып болсам бір күні егер де мен.

 

Ұнатамын мен сені,

Арманымдай еңселі,

Жүрегімнің бөлшегі,

Ұнатамын...

 

Дегеніңнің бәрін де жасап жүріп,
Көрсетпеймін зәредей асау қылық.
Сенің ғана еркіңе бас алдырып,
Бұға берем, не деген жасандылық?!

 

Ұнатамын мен сені,

Арманымдай еңселі,

Жүрегімнің бөлшегі,

Ұнатамын...

 

Ұнатамын мен сені  бірақ, бірақ,
Мейіріміңді қайтейін жылап сұрап.
Ұнатамын дегенім - жасандылық,
Саған деген жүрегім құрақ-құрақ.

 

Ұнатамын мен сені,

Арманымдай еңселі,

Жүрегімнің бөлшегі,

Ұнатамын...

 

Қазіргі таңда айтылып жүрген әннің мәтіні осылай. Қазақ эстрадасында Мақпал Жүнісова да  Мұқаңның осы өлеңіне ән жазып, «Мен сені ұнатамын» деген атпен  орындап жүр. Мақпал апамыздың орындауындағы ән мәтіні Мұқаңның  жазғанындай қаз-қалпында, өзгермеген. Жастар арасында ерекше сұранысқа ие бұл әнннің орындауышысы әлі де жоқ емес. Эстрадада ойып тұрып орын алған бұл лирикалық ән қазақ сахнасында әлі де жаңғыра бермек.

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

 

Суреттер: ru.freepik.com, anatili.kz

А. Әбілхан