"Бегімайдың жыры" тарихы беймәлім ән

"Бегімайдың жыры" тарихы беймәлім ән

Туғанына талай жылдардың жүзі болғанменен, қалың көпшіліктің назарынан тыс қалған әндерді қайта жандандырып, халық қазынасына айналдыра білген әншілердің бірі - Ақбота Керімбекова. Оның ән қоржынындағы кез келген ән тыңдарман қауымның жүрегінен орын таба білді. Әсіресе, әнші орындауындағы «Бегімайдың жыры» әні үздік әндердің қатарынан көрініп қана қоймай, ел сүйсіне тыңдайтын әндердің бірегейіне айналды.

«Бегімайдың жыры» әнін алғаш рет әнші бесінші сыныпта оқып жүргенде естіген екен. Ән қырғыз бағдарламаларынан жиі берілген-ді. Кішкентай Ақбота әнді ұнатып, шағын магнитофонға жазып алып, айтып жүреді. Есейе келе, ән сөзі ұмытылғанменен, оның сазы әнші жадынан кетпейді. Бой түзеп, елге әнші болып танылған тұста ол ән сөздерін іздестіре бастайды. Тапқан бойда әнді жаздыртып, бейнебаян түсіреді. Кейіннен бұл әнге қыз баланың берер жауабы табылғанда, Ақбота Керімбекова Саят Медеуовке әнді бірлесе орындау туралы ұсыныс білдіреді. Өз кезегінде Саят Медеуов ұсынысты қуана-қуана қабыл алып, ән елге жаңа орындауда жетеді.

Әсем әннің тарихы әлі күнге дейін беймәлім. «Бегімайдың жыры» әнінің бірнеше тарихы бар деседі. Нақтысы ән қырғыз эпосындағы оқиға негізінде жазылған. Алайда, ол эпостың да бірнеше нұсқасы бар. Бір нұсқада қырғыз жігіті мен қазақ қызының арасындағы махаббат жайлы айтылады. Екеуінің жас айырмашылығы үлкен. Қыз кішкентай күнінде өзінен үлкен жігітті ұнатып, бойжеткенде шау тартқан ғашығымен кездесіп, оған өз сезімін білдіреді. Бірақ, олардың махаббаттарына екі жақ қарсы тұрады. Сол кезде қыз бала өз сезімін әнге салады. Бұл жырды арқау қылып, қырғыз халқы фильм түсірген деседі. Тағы бір нұсқада қырғыз жеріндегі қазақ азаматының басынан өткен оқиғасының желісінде жазылған делінеді. Бала күнінде көршілес елге қоныс аударған ол өз оқиғасын арқау етіп, ән шығарған-ды.

Қалай болғанда да, ән өз тыңдарманының жүрегіне жол тартып, қошеметіне бөлене білді. Үлкен махаббаттан туған әннің алдағы күнде де ұмытылмасы хақ.

Бегімайдың жыры

Әнін жазған: А.Чойбекова
Сөзін жазған: Сардарбек Жұмалиев

Бүлдіргендер мөлдіреп піскен кезде,
Тау бұлағын тамсана ішкен кезде.
Самал желмен тербелген тал қайыңдар,
Бақ ішінде мен сені күткен кезде.

Қайырмасы:

Махаббатым сізге арналады,
Махаббатым сізге,
Тағдырым да сізге арналады.

Бал аралар гүлдерге қонған кезде,
Алатаудың бал шөбін сорған кезде.
Құсалықтан қуарып ақ жүзіміз,
Арамыздан көп күндер өткен кезде.

Қайырмасы:

Махаббатым сізге арналады,
Махаббатым сізге,
Тағдырым да сізге арналады.

Көңіліңе гүл сыйлар көктем, күзде,
Көздеріңді кірпігің өпкен кезде.
Ең алғашқы жолыққан кештегідей,
Аспандағы алтын ай туған кезде.

Қайырмасы:

Махаббатым сізге арналады,
Махаббатым сізге,
Тағдырым да сізге арналады.

Суреттер: kzmz.region.kz, dastan-studio.kz

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Ғ. Ұзақ