Кеңес Дүйсекеев жаңа радиоға ақ батасын берді

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал композитор Кеңес Дүйсекеев жаңа әуе толқынында жастар жаршысына айналғалы отырған «Жұлдыз FM» радиосына ақ батасын берді. Осыған дейін радио еліміздің 18 қаласында техникалық эфирін тарата бастағаны туралы хабарлаған болатынбыз.

Жаңа толқындағы жаңа радионың ұстанымы немесе «Әнұраны» ретінде Кеңес Дүйсекеевтің «Сәлем саған, туған ел» әні таңдап алынған. Танымал композитордың өзі қуана-қуана келісімін беріп, радио басшылығының сөзін жерге тастамаған-ды. Ал бұл әуеннің таңдап алынуы жайлы радио директоры Мәдина Өмірбекова өз ойын жеткізді.

- Радионың негізгі «Әнұраны» ретінде алатын әуенді таңдау қиындық тудырады деп ойлағанбыз. Алдымызда бірнеше әуендер болды. Біз олардың танымал, көңілді, патриоттық сезімді оята алар күшке ие, және тыңдармандар жүрегіне жол таба алар әуезіне баса мән беруді басты орынға қойдық. Бірнеше әуендерді тыңдап болғаннан кейін, «Сәлем саған, туған ел» әні қойылғанда бәріміз бір ауыздан осы туынды біздің бағытымызға сай деп шештік. Кейіннен Кеңес аға өз келісімін бергенде қуанышымызда шек болмады. Үлкен алғысымды білдіремін - деді.

Ал танымал композитор радио студиясында қонақта болып, тілшілер сұрақтарына жауап берді. Және жұлдызы енді жанғалы тұрған «Жұлдыз FM» радиосына жүрекжарды тілегін арнады.

-  «Сәлем саған, туған ел» әні қалай дүниеге келді? Тарихы туралы айта кетсеңіз?

- Мен әннің тарихы болады дегенге қарсымын. Енді шыққан себебі ғана болса керек-ті. Мен туған Қызылорда өңірінде терме жанры дамыған. Мен сол терме ерекшеліктерін пайдалана жаңа замануи ән жазуды қолға алдым. Негізінен Роза Рымбаева дауысына арнап жазылған дүние. Ол концерттерін осы ән арқылы ашып жүрді. Жұрт керемет қабылдады. Көпшілік көңілінен шықты.

- Сіз сол бір кезеңдегі стильмен емес, өзге стильмен жазған екенсіз? Бұлай жазудың сыры неде?

- Маған дейінгі композиторлар вальс жанрында әндерді көптеп жазды. Ал мен шетелдің әндерін, әсіресе джаз жанрындағы әуендерді тыңдағанды ұнаттым. Содан ерекше туынды дүниеге әкелгім келді. Әкелдім де. Ия, бұл өзімше жаңалық болды. Ізімен тағы да осындай әндер жазғым келді. Бірақ, соңынан тағы бірнеше әндер жазар болсам, менің кәсіби деңгейдегі композитор екеніме сын болары анық еді. Сондықтан, «Сәлем саған, туған ел» мен «Домбыра туралы баллада» әндерім бір төбе болып қалды.

- Қазақ музыкасының қазіргі деңгейі туралы не айтасыз?

- Нағыз кәсіби композиторлар еліктеген күннің өзінде оны өзіне сіңдіре барып, жаңа әуенді дүниеге әкелу керек. Қазіргі таңда ұлттық әуенімізден алшақ жатқан дүниелер қаптап кетті. Сазынан қазақ иісі байқалмайды. Менің қағидам – жазған әніңнен қазақтың иісі шығып тұру керек.

- Киноға саундтрек жазады екенсіз? Бұл туралы не айтасыз?

- Киноға саундтрек жазып тұрамын. Соңғы кезде бір киноға саундтрек жазып беру ұсынысы түсті. Ойдағыдай жазып бердім. Киноның өзі керемет болмаса да, әуені жоғары деңгейде болуына мән беріпті. Жақында бір халықаралық жарысқа қатысқалы жатыр екен.

- Қазіргі эстрадада қандай «жұлдыздар» өнерін жоғары бағалайсыз?

- Мен «жұлдыз» деген сөзге қарсы адаммын. Мен үшін қазақ өнерінде үш қана «жұлдыз» бар. Олар: Роза Бағланова, Ермек Серкебаев және Бибігүл Төлегенова. Мен осыларды айтып жүремін. Олар – нағыз жұлдыздар! Бұл қатарға Роза Рымбаеваны да қосуға болатын шығар. Қазір бір-екі ән шығарып бәрі «жұлдыз» атанып жүр. Бұл, әрине дұрыс емес дүние. Жұлдыз болу үшін, еңбек көп болу керек. Халыққа сіңірген еңбек мол болу керек.

- Композиторлықтан бөлек 20 жылдай дирижер болған екенсіз?...

- Ия, эстрадалық симфониялық оркестрдің бас дирижері болдым. Оның барлығы мектепте жүрген кездегі арман еді ғой. Ең әуелі композитор болу арман болды. Кейіннен Нұрғиса ағамыздың өнерін көріп, мен неге дирижер болмаймын деп ойладым. Ол да менің қолымнан келді. Мен негізі арманымның бәрін іске асырған адаммын.

- Жаңа әуе толқынына шыққалы отырған «Жұлдыз» радиосына өз тілегіңізді білдірсеңіз?

- Президентіміз айтқандай бәріміз «мәңгілік елге» қызмет жасап жүрген жандармыз. Бұл радио да сол бағытта қызмет атқарады деп білемін. Кез келген елдің болашағы – жастар. Жастар үшін жасалып жатқан дүние болғаннан кейін бұл радионың келешегі де зор болмақ. Ақ жол болсын, келешегі мол болсын! Келешек ұрпақты тәрбиелеу үшін үлкен еңбек сіңіре беріңіздер!

Осыған дейін хабарлағанымыздай, радио еліміздің 18 қаласында техникалық эфирін тарата бастады. Ал ресми түрде ашылуы қараша айының орта тұсына жоспарланып отыр.


«Жұлдыз FM» радиосын мына жиіліктерден табуға болады:

Астана – 100,8

Алматы – 101,4

Көкшетау – 106,1

Ақтөбе – 106,3

Талдықорған – 100,4

Атырау – 107,2

Орал – 105,1

Тараз – 106,8

Қарағанды – 106,7

Жезқазған – 104,2

Қостанай – 104,4

Қызылорда – 102,4

Ақтау – 105,8

Шымкент – 89,2

Павлодар – 107,1

Петропавл – 106,3

Өскемен – 102,9

Семей – 106,5

Сурет: Нұрғиса Елеубеков