Интернетте "ЕМА-2014" жүлдесіне дауыс сатушылар пайда болды

Интернетте "ЕМА-2014" жүлдесіне дауыс сатушылар пайда болды

ІІІ Еуразиялық музыкалық премиясына (ЕМА-2014) қатысып жатқан танымал әнші Мөлдір Әуелбековаға белгісіз адам байқаудан ұту үшін дауыс жинап бере алатынын айтқан. Бұл туралы massaget.kz әнші арт-директорына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Интернетте өзін «Дед Мороз» деп таныстырған қолданушының желіде жазылған хатын Мөлдір Әуелбекованың арт-директоры әрі әпкесі Меруерт Әуелбекова massaget.kz сайтының электронды поштасына жіберді. Екеуара диалогта белгісіз қолданушы 5000 дауысты уникалды аккаунттардан бір-ақ күннің ішінде жинап бере алатынын айтады. 5 мың дауыстың құны 5500 теңге. Сонымен қатар, белгісіз қолданушы 50 дауысты бір мезетте қосып бере алатынын айтып және оны көрсетуге тырысады. «Біз мұндайдың барына таңғалдық, көбірек білу үшін әдейі сөйлескенімізде оның шынымен де дауысты көбейте алатынын білдік» дейді Меруерт Әуелбекова.

Ал ЕМА-2014 ұйымдастырушыларына хабарласқанымызда байқау жеңімпазы анықталмайынша қай әншінің қанша дауыс жинағанын көру мүмкін емес екенін айтады. "Қазірде интернетте алаяқтар көп. Muzone телеарнасы дауыс жинап беру сияқты көлеңкелі іспен айналыспайды. Біздің арнаның сайтында әр әншінің қаншасыншы орында келе жатқанын көре аласыздар. Егер басқандай сұрақтар болып жатса бұл жайлы интернет-провайдерлерден сұрау керек" дейді байқау ұйымдастырушысы Дарья Крылова. 

Ал бұған дейін әнші Қайрат Баекенов те өзіне белгісіз адамдардан дауысты көбейту жөнінде хабарлама келгенін айтқан. Instagram желісіндегі парақшасында әнші: «Арнадан («muzone.tv» А.Қ.) «Астана жұлдызы» байқауының жүлдегері болған, барлық жерде тыңдалып жатқан біздің «Махаббат» деген әніміздің өз категориямызда жүлдеге таласуға да шамасы жетпегенін естігеніміз таңғалдырды» дейді.

Естеріңізге сала кетсек, ІІІ Еуразиялық музыкалық премия (ЕМА-2014) 1 мамырда Алматы қаласында бастау алған еді. Жеңімпаздардың есімі 10 негізгі аталым бойынша 20 қыркүйек күні Орталық стадионда белгілі болады. Қазірде әрбір аталымда алты адамнан қалды. Олардың ішінде үздіктер дауыс беру арқылы белгілі болады. 

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: өңделген

А. Құлтай