Алматы күні: «Алматы – іңкәрім менің!» фестивалі қалай өтеді?

Алматы күні: «Алматы – іңкәрім менің!» фестивалі қалай өтеді?

21 қыркүйек – Алматы күні қарсаңында бірнеше іс-шара өтпек. Солардың бірі – «Алма-Ата – моя первая любовь!» ретро-фестивалі. Он бесінші рет өткізгелі отырған фестиваль биыл кино тақырыбында болмақ. Осы кеште қазақстандық музыка өнерінің дамуына атсалысқан азаматтарға 15 жұлдызы бар мүсін сыйға тартылады. Фестивальдің ашылуы оркестрмен сүйемелденіп, қатысушылар қызыл кілем үстімен жүріп өтеді.

Кімдер қатысады?

Биылғы кештің арнайы қонақтары: Николай Басков, Михаил Боярский және немістің атақты Bad Boys Blue тобы. Сонымен қатар, отандық жұлдыздардан Нағима Есқалиева, Роза Рымбаева, Дос-Мұқасан ансамблі, Әли Оқапов, Дильназ Ахмадиева, Диана Шарапова, Гүлнұр Оразымбетова, Дариға Назарбаева, Роза Мұқатаева, Аша Матай, Жанар Дұғалова, Баян Есентаева, Ақылбек Жеменей, Серік Ибрагимов, Rin’Go, Жігіттер, КешYou, The Jigits, MEZZO, VoiceKZ топтары және тағы да басқа әншілер мен би ұжымдары қатысады.

Билетті қалай аламын?

«Алматы – іңкәрім менің» фестивалінің билеттері сатылмайды. Билетті almalove.kz ресми сайтына тіркеліп, билет алу формасын толтыру арқылы шығарып алуыңызға болады. Билет алушыларды тіркеу формасы фестивальдің ресми сайтында 25 тамыздан кейін шығады. Сондай-ақ, фестивальдің ақпараттық демеушілері 20 тамыздан бастап ұйымдастырып жатқан викториналық сұрақтарға жауап беру арқылы билет ұтып алу мүмкіндігіңіз бар.

Фестиваль өтетін жерге қалай жетемін?

Биылғы фестивальдің былтырғыдан тағы бір ерекшелігі - «Сұңқар» халықаралық трамплиндер кешенiнің аумағына жеке көлікпен кіруге тыйым салынады. Ұйымдастырушылар мұны қауіпсіздік үшін деп және автокөлік тұрағы аумағының тарлығымен түсіндіреді. Сондықтан, 6 қыркүйекте 16:00 мен 18:00 аралығында «Балуан Шолақ» атындағы спорт сарайының алдынан фестиваль өтетін жерге дейін кеш көрермендерін жеткізу үшін автобустар тартылған. Автобус қызметі – ақылы. Осы уақыт аралығында көлік қозғалысы көбейетіндіктен, Трамплиндер кешені мен Спорт сарайы аумағын айналып өтуге кеңес беріледі. 

Дайындаған: Назерке Смағұл

Сурет: almalove.kz

Y. Smaghul