Әли Оқаповтың сөзі әлеуметтік желі қолданушыларының ашуын келтірді (видео)

Әли Оқаповтың сөзі әлеуметтік желі қолданушыларының ашуын келтірді (видео)

Әлеуметтік желі қолданушылары танымал әнші Әли Оқаповтың Астана телеарнасының «Сырласу» атты бағдарламасында айтқан сөзін сынға алып отыр. Қолданушылар Әлидің «Халық әртісін сынайтындай, олар кімдер? Ешкім. Оны сынайтын адамдар - компьютер алдында отырған мәдениетсіз топастар» деген сөзіне ренжулі.

Желі қолданушылары бұған өз жауаптарын да беріп жатыр. Мәселен, белгілі суретші Аңсаған Мұстафа өзінің facebook.com желісіндегі парақшасында "Біз топас болсақ сен мынандайсың..." тушь, қылқалам 16.07.2014." деген атпен сурет салып шығарған.

Әлеуметтік желі қолданушысы Тоқтар Жақаш «Білгірдің байламы. Негізі қазақтың "топас" екенін Әли баяғыда біліп өсті. Білмей қайтеді?! Жұрт анасының кәнсертіне тайлы-таяғы қалмай шұбырады. Билет табу мұң. Ал анасы қарақұрттай жиналған қазаққа лебізін орысша білдіреді. "Топас" қазақ соған да риза. Шапалағын жаудырып, өліп қала жаздайды. "Топас" қой, енді қайтсін? Ал Әлидің қандай екенін анасы өткенде айтып қойды. Қысқасы, топастандық! Анасы мен баласы білмесе айтпас ед...» дейді.

Сараш Қоңырбаева, Педагогика ғылымдарының кандидаты:

- Әлеуметтік желінің зор күш екенін мойындағысы келмейді. Мойындатып кешірім сұрату керек! Сұхбатта міндетті түрде осы сұрақ болатынын білді ғой. Соған осы жауапты әдейі жаны ашымас біреу дайындап беріп отыр. Розаның өзі маған ондай сұрақ қоймаңыздар, ол клиптің иесі мен емес деп шыр-пыр болған. Демек, анасында дайын жауап жоқ, баласында қандай дұрыс жауап болады? Сондықтан, сырттан берілген көмектің түрі. Қазақтан биігірек тұрмыз дейтін ұлттың өкілдері берсе керек бұл ақылды...

Бақыт Тушаев, актер:

- Қазақ эстрадасының ең сауатты әншісінің сауатсыз сөзі "Топас" болса, онда жетіскен екенбіз. Бұл Әли дегенің халыққа сөйтіп айтатындай кім ол соншама? Жоқ, әлде өзін халықтан жоғары санай ма?! Іріген ауыздан шіріген сөз шығады. Өз басым анасы Розаны талай ортадан көргем. Бойында менмендік, менсінбеушілік бар. Тойлардан да байқап жүрміз. Сол шешесінің "асыл" қасиеттері. Есі дұрыс бір әні жоқ, асфальтта өскен шошақай баласына ана сүтімен дарыған болар. Жақсыдан жаман туар, бір аяқ іске алғысыз деген осы. Әли, сен менің осы facebook-тағы достарымның ішінде барсың. Және жазғанымды міндетті түрде оқырсың. Сенің мамаң екеуіңнің сапасыз, алқам-салқам жұмысыңа халықтың берген бағасы көңіліңе жақпаса, нағыз топас - сенсің. Жалпы саған футболдағы төрешідей қызыл карточка көрсетіп, 10 жылға эстрададан ит қосып, қуалау керек. Не болмаса бүкіл елдің алдына шығып, дүбара клипің үшін бір, жазықты тілің үшін екі еңіреп тұрып кешіріп сұрауың керек. Олай істей алмасаң, сені Қазақстан эстрадасының (бұл әншіні Қазақ эстрадасына жатқыза алмаймын) ең ТОПАС әншісі деп атайтын боламыз. Жалпы барша танымал азаматтар мен азаматшалар, сұхбат берер кезде халықтың намысына тиетін, ар-ожданына дақ келтіретін тіркестерден аулақ болған абзал.

Бейбіт Сарыбай, жазушы

«Бекзаттарым-ай, жекжаттарым-ай,
Жекжат болып ауылыма кеп жатқаның-ай»
(Кешегінің әні)

«Топ бастарым-ай, от жастарым-ай,
Топас болып эфирде от басқаның-ай.»
(Бүгінгінің әні)

"Ерке балам есірсін,
Құдай өзі кешірсін".
(Біздің мәтел)

"Бір дегенің - білеу,
Екі дегенің – егеу".
(Санамақ)

Жаздым саған СМС,
Бес –дегенің «Беш» емес...
Ниет қылсаң білуге,
Інім әлі кеш емес.
Тура жолдан таймасаң,
Еңбегіңіз еш емес.

Інім саған алаңмын,
Алаңы көп ағаңмын.
Осы болса не дейін,
Жеткен жері санаңның.
Үйренбеген шығарсың,
Қолы тимей мамаңның...

Таппағандай басқа әдеп,
Маңдай соқтың тасқа кеп.
Беш дегенің біздіңше,
Қазанға сап асқан ет.
Әлі соны білмейсің,
Отау құрар жасқа кеп.

Төрт дегенің - төсек пе,
Сенше әлде өсекпе?
Ел бірдеңе біледі-ау,
Қанша "топас" десек те.
Теңдесі жоқ бір бастан,
Мың бас артық,.. (есепте).

Бес дегенің – бесік пе?
(Жатып па едің бесікке?)
...Ол клипке түскенше,
Кірер ең-ау тесікке.
Сендер шашқан әппақ ұн,
Шаң ба, әлде, несіп бе?

Осыдан кейін Әли Оқаповтың бұл сөзіне қатысты екі тарапты пікір туындады. Мәселен, қолданушы Ділшат Молдахмет «Осы бала неге сүріне берді? Қайтсін? Бешбармақтан анасына тиген ащы сынға ара түскісі келді де. Жығылған үстіне жұдырық болмасын, желкелей бермейік, жас бала ғой» дейді. Осы орайда Елубай Әуезов есімді қолданушы да өз пікірін айтты: "Не болды сонша жігіттер, 7-арнадан жасына лайық, тіпті кей ретте ақылды жауаптар берді ғой. Одан артық не күтесіңдер жас баладан. Топас деген сөзді соған лайықтыларға айтты деп ойлаймын. Бір сөзге жабысып алудың қажеті бар ма. Жаңылмайтын жақ жоқ. Солай деп қалған күннің өзінде халықтың Розасы үшін кешіріммен қарауға болмай ма. Біздің кеңдігіміз қайда сонда. Тым құрыса оразаның құрметі үшін", - дейді.


Естеріңізге сала кетсек, Роза Рымбаева мен оның баласы Әли Оқапов, қазақстандық рэпер Big Som (Биг Сом) және әнші Нұрлан Абдуллин, белгілі шоумен Александр Шумский "Беш" деп аталатын бейнеклип түсіріп, кейіннен халықтың сынына ұшыраған соң кешірім де сұраған болатын.

 Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: art.gazeta.kz, Аңсаған Мұстафа

А. Құлтай