"Алдаспан" тобы: "Басты мақсат - күллі әлемге рок жанры арқылы домбыра аспабын таныту"

"Алдаспан" тобы: "Басты мақсат - күллі әлемге рок жанры арқылы домбыра аспабын таныту"

Өнер әлеміне жаңа қосылған "Алдаспан" тобымен сұхбаттасқан едік.

Қазақ сахнасына жаңа серпіліс әкелген электр домбыра аспабы дүниеге қалай келді?

Нұржан Тойшы: Мектепте оқып жүргенде менің назарым музыканың ауыр рок жанрына қатты ауды. Джеймс Хэтфилд, Керри Кинг, Макс Кавалера т.с.с. шетел жұлдыздарының  шығармашылығымен жақынырақ таныса бастадым. Олардың шығармашылығындағы туындылар төл өнеріміздегі күй ырғақтарына ұқсайтындығын байқадым.  Кейін неге электр домбыра жасамасқа деген ой келді. Дәл сол сәтте менің бұл ойымды ешкім құптаған жоқ. Араға 21 жыл салып, мен бұл ойымды жүзеге асырдым. Аспап жасауға қажетті электронды бөлшектер тауып, оны белгілі Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында фортепианның құлағын келтіретін бас маман Кубеков Мұрат ағамызға тапсырдым. 2009 жылдың қарашасында басталған қызу жұмыс 2010 жылдың жаз мезгілінде аяқталды. Жасалған үш аспаптың бірі ғана сәтті шықты. Алайда, оның да кем-кетіктерін аңғардық. Осы олқылықтарды толтыру мақсатымен мен Мәскеуге жол тартып, Шамрай шеберханасынының шеберлеріне жолығып, электр домбыра жасау туралы ұсыныс жасадым. Шеберлер ұсынысымды аяқ асты қылмай, 2011 жылдың ақпанында үш домбыра жасап берді. Электр домбыра өмірге осылай келді. Бұл аспапты жасауымдағы басты мақсат - күллі әлемге рок жанры арқылы домбыра аспабын таныту. Біз әлемді электр гитарамен таң қалдыра алмаймыз, ал электр домбыра қазақ өнерін әлемге кеңінен әйгілі етудің бірден-бір жолы.

«Алдаспан» тобы қалай құрылды? Неліктен топты «Алдаспан» деп атадыңыздар?

Нұржан Тойшы: Тобымыз 2011 жылдың сәуірінде құрылды. «Алдаспан» сөзі «сауытты жауынгерлерді жоюға арналған ауыр қылыш» деген мағына береді. Біздің шығармалар ерлік, жауынгерлік тақырыптар негізінде жазылғандықтан, тобымызды осылай атадық. Бүгінде алғашқы күйтабағымыз бен бейнебаянымыз бар. 2010 жылдың жаз мезгілінде мен бұл жоба туралы белгілі іскер, марқұм Ізбасар Бузаев ағамызға айтқан едім. Аға ойымды құптап, жобама қолдау білдірді. Ізбасар аға мені белгілі домбырашы Мұрагер Сауранбаевпен таныстырды. Ол болса, электр домбыраны қолға алып, біраз тартып көрді. Жобама қатты қызықты. Алайда, ол қызмет бабымен Астанаға кетіп, топ мүшесі бола алмады. Бірақ, мені өзінің досы Мақсат Хасановпен таныстырды. Мақсаттан кейін топқа Бақытжан Желдербаев пен  Шамшаддин Омаров келді. Бүгінде үшеуі де Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында білім алуда. Үшеуі де халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпаздары, кәсіби домбырашылар. Отандық сахналармен қатар, шетел сахналарында өнер көрсеткен жігіттер. Ал топ атын қою үшін Ізбасар аға мені және белгілі актер Байғали Есенәлиевті өзінің кеңсесіне шақырып алды. Жарты сағатта идеяға сәйкес қарудың аты қажет деп едік, Байғали ағамыз: «Наркескен болмаса, алдаспан болсын» деп өз пікірін білдірді. Алдаспан барлық тілде жақсы айтылатын сияқты деп, осы атауға тоқтадық. Тобымыздың құрылу тарихы, міне, осындай.

Ал, жігіттер, Нұржан аға тарапынан топқа шақыру алғанда бірден келісім бердіңіздер ме?

Мақсат Хасанов: Өнерде жүргеннен кейін басты мақсатым - төл өнерімізді кеңінен насихаттауға ықпал ету. Одан қалса, жаңа серпіліс әкелу көптен бері ойда жүрген дүние еді. Шыны керек, Нұржан ағадан ұсыныс түскенде, екі ойлы болдым. Біріншіден, қатты қуандым. «Жаңа леп, дәстүріміздің жандануына септігімді тигізетін боламын» деген ойым болды. Ал екіншіден, жүрексіндім, қорқыныш сезімі басым болды. Бірақ, бір Аллаға сеніп, тәуекелге бел буып, Нұржан ағаның ұсынысын қабылдадым. Қазір, шүкір, шығармашылығымыз ақырындап алға басып жатыр. Дұрыс шешім қабылдап, қазақ мәдениетінің танылуына өз тарапымнан үлес қосу үстіндемін.

Бақытжан Желдербаев: Әуелгі бастан, топ жайлы Мақсаттан естігенмін. Топ шығармашылығы туралы сырттай біліп жүрдім. Кейін топқа мүше болуға шақырту алдым. Электр домбыраны қолыма алып, ойнап көрдім. Оның дыбысы мені өзіне баурап алғандай болды. Нұржан ағадан ұсыныс түскенде, оны қуана-қуана қабыл алдым. Себебі, менің де басты мақсатым – күллі әлемге қазақ халқының сарқылмас бай өнерін насихаттау.

Шамшаддин Омаров: Мен де Бақытжан сияқты топ туралы Мақсат арқылы білдім. Шығармашылығы туралы да сырттай хабардар болып жүрдім. Маған топ идеясы, жанры, алға қойған мақсаты ұнады. Электро домбыраға қатты қызықтым. Ұсыныс түскенде, бірден келісімімді білдіріп, қызу жұмысқа араласып кеттім.

"Алдаспан" тобы: Шамшаддин Омаров, Бақытжан Желдербаев, Нұржан Тойшы, Мақсат Хасанов

Тыңдарман қауым назарына «Аттила» атты күйтабақтарыңызды ұсынған екенсіздер. Осы күйтабақ туралы кеңінен айта кетсеңіздер.

Мақсат Хасанов: «Аттила» - алғашқы күйтабағымыз. Оны Мәскеу қаласындағы «Тон Студияда» жаздырдық. Барлық шығармаларымызды сол студияда әрледік. Күйтабаққа енген шығармалардың әуені мен сөзін өзіміз жаздық. Кейбір туындыларда белгілі күйлердің үзінділерін қолдандық.

«Алдаспан» тобы өз елімізге ғана емес, шетелге де біртіндеп танылуда. Топ әуендері әлемдік чарттың алғашқы орындарынан көрініп жатыр екен...

Нұржан Тойшы: Иә, шүкір. Өткен сәуір айының соңғы күндері Американың Roadrunner Records компаниясының салалық хит-шеруінде 2-орынға көтерілдік. «Мумий Тролль» тобы, Земфира сияқты танымал өнер жұлдыздарымен бірге жұмыс істейтін ресейлік дыбыс инженері Владимир Овчинников электр домбыраны көріп, жоғары баға берді. Басқа шетелдік сарапшылар топ шығармашылығы туралы жылы лебіздерін білдіріп, ақыл-кеңестерін айтуда. Америкалықтар біздің аспапта ойнау шеберлігімізді көріп, 10 балдық жүйе бойынша, 9 балл берді.

Электр домбыра сияқты аспапты қалың қауым қалай қабылдап жатыр? Сынға деген көзқарастарыңыз қандай?

Нұржан Тойшы: Әлбетте, электр домбыра көзі үйренбеген қалың көпшілікке таңсық. Қазақ музыкасы ауыр рок бағытында шырқалғанына тез үйреніп кету қиын. Дүниежүзіндегі басқа ұлттар дәстүрлі өнерінен біртіндеп айырылуда. Біз қазақ жастары гитараны серік қылып қана қоймай, электр домбыраны да қолға алса екен дейміз. Электр домбыра арқылы өз халқымыздың өзгелерден артық екенімізді аңғартқымыз келеді. 

Шамшаддин Омаров: «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген бар. Көзқарасымыз өте түзу. Барлық сынды дұрыс қабылдаймыз. Сынмен қоса, игі тілектерін білдіріп жатқан тыңдармандар жетерлік.

Шығармашылық жаңалықтарыңызбен бөліссеңіздер.

Бақытжан Желдербаев: Жаңа әндер жазып жатырмыз. Алға қойған жоспарларымызды  біртіндеп жүзеге асыру үстіндеміз. Жақында Тұңғыш Президент қорынан күйтабақты шығаруға қажет грантты ұтып алдық. Ол күйтабақты қыркүйекте жарыққа шығарып, халық назарына ұсынбақ ниеттеміз.

Алдағы күндері мақсаттарыңызға жетіп, биік шыңдардан көрінетіндеріңізге үлкен сенім білдіреміз! Әңгімелеріңізге үлкен рахмет!

Суреттер: aldaspan.com

Ғ. Ұзақ