«Астана жұлдызы. Ұлттық музыка бәйгесі» үздіктерді таңдады

«Астана жұлдызы. Ұлттық музыка бәйгесі» үздіктерді таңдады

Астана күні қарсаңында елордамызда отандық тұңғыш кәсіби музыкалық бәйге «Астана жұлдызы. Ұлттық музыка бәйгесі» екінші рет ұйымдастырылып, қазақстандық өнерпаздарға түрлі номинациялар бойынша марапаттар тағайындады. «Бейбітшілік және келісім» сарайында өткен салтанатты кешке қазақстандық шоу-бизнес өкілдерінің басым бөлігі жиналып, қызыл клемнің үстімен жүріп өтті.

Өнерпаздар жылдың «үздік әншісі», «үздік топ», «үздік композитор», «жаңа тыныс» және т.б. номинациялар бойынша сайысқа түсті. Кешті Баян Есентаева, Динара Сәтжан, Айгүл Иманбаева және Нұрдәулет Шертім жүргізді.

Осылайша «Жігіттер арасындағы үздік орындаушы» номинациясы бойынша Медеу Арынбаев, Айқын Төлепберген, Нұржан Керменбаев сынға түсті. Және, әлбетте, Медеу Арынбаев үздік деп танылды.

Жанар Дұғалова, Луина, Тамара Асар «Қыздар арасындағы үздік орындаушы» атағына таласты. Бұл жолы Жанар Дұғалова суырылып шықты.

«Үздік live-бэнд» аталымы бойынша «Zaratushtra band», «Формат» және композитор Тайман Исағұловтың бастауымен құрылған «T-maj» топтары сынға түсті. «Zaratushtra band» үздік болды.

Ринат Ғайсин «Үздік композитор» аталымы бойынша жеңіске жетті. Ол бұл номинацияға Арман Дүйсенов және Лұқпан Жолдасовпен бірге түскен еді.

«Үздік жігіттер тобы» номинациясы бойынша «RinGO», «Алашұлы», «Орда» топтары сынға түсті. Және бұл аталымда «RinGO» үздік деп танылды.

Ал «Үздік қыздар тобы» аталымында «Кешью», «Асыл» және «Ерке» топтарының ішінде «Кешью» үздік деп танылды.

«Жыл әні» аталымынан «Кешью» тобының «Ризамын» әні, «Мұзарт» ансамблінің «Мөлдіреген жанарың» әні, Қайрат Баекенов және «Формат» тобының «Махаббат» әні үміткер болған. «Астана жұлдызы» мүсінін «Формат» тобы қанжығасына байлады.

«Үздік мәтін авторы» номинациясы бойынша Әбдрахман Асылбек, Қалқаман Сарин, Алексей Маклай сынға түсіп, көптеген әндерге сөз жазған ақын Әбдрахман Асылбек ағамыз үздік деп танылды.

Серік Ибрагимов, Ғалымжан Молданазар және ADAM «Жаңа тыныс» аталымы бойынша сайысқа түсті. Қазақ тілінде синти-поп, брит-поп сынды жаңаша жанрда ән айтатын Ғалымжан Молданазар нағыз жаңалық болғаны рас.

Асқар Ұзабаев «Үздік клипмейкер» болып танылғанымен, ол әділқазылардың бұл шешімімен келіспей, «Астана жұлдызын» әріптесі Ернар Нұрғалиевке табыстады.

«Астана жұлдызы» үздік би топтарын да шет қалдырмай, олардың арасындағы үздіктерін де анықтады. Бұл номинация бойынша ұсынылған «Терро», «Алтын Батыр», «Бақыт» би топтарының ішінде «Терро» тобы жеңіске жетті.

Естеріңізге сала кетейік, «Астана Жұлдызы» Ұлттық музыка бәйгесі» әлемдегі ең танымал музыкалық бәйгелер ережесіне сай жүзеге асады. Жобаның басты ерекшелігі - жүлдегерлерді таңдаудағы кәсібилік. Отандық музыканың дамуына, жаңарып, жаңғыруына әсер еткен үздік өнерпаздарды құрамында 100 кәсіби маман - еңбегі сіңген әртістер, продюсерлер, композиторлар, ақындар, музыка және fashion-өндіріс мамандары, БАҚ өкілдері бар Қазақстанның Музыкалық Академиясы таңдайды. Дауыс берудің осы жүйесі әлемдік деңгейде қолданылып жүр. Былтыр музыкалық бәйге Астана күнінің 15 жылдығына орай тұңғыш рет қала әкімдігінің бастамасымен өткізілген болатын.

Сурет: instagram.com, "Астана жұлдызы" баспасөз хатшысы

Автор: Анар Мұстафина

A. Mustafina