Ұмыт қалған үрмелі аспаптар туралы деректер

Ұмыт қалған үрмелі аспаптар туралы деректер

Үрмелі аспаптар маңызды екі белгісімен ерекшеленеді. Біріншіден – табиғи түп тегі болса, екіншісі – зат талғамайтындығы. Олар қайсыбір аспаптарға қарағанда қайың қабығынан (тозынан) бастап қамыс-қурай, бамбук, ағаш, тері, саз балшық, қыш, пластмасса, сүйек, мүйіз, темір, мыс, жез, мал қуығы, түйе өңеші, балық пен жылан терісі секілді заттардан жасалады. Қайсыбірінің атауларына дыбыс шығару ерекшелігі емес, жасалатын заты анықтауыш рөл атқарады. Төменде үрмелі аспаптардың ұмыт қалып бара жатқан бірнеше түрі туралы айтылады:

Үскірік – тұтасымен саздан жасалатын аспаптың бір түрі. Бұл аспаптың сипаты, заты, ойналу, жасалу әдіс-тәсілі бұрын белгісіз болып келді. Аспап алғаш рет 1947 жылы Маңғыстау өңірінен ашылған көне қоныс орнынан табылған. Жалпы ұзындығы 8-10 см, аумағы 12-15 см болып келеді. Сапалы саздан, қыштан жасалады. Аспаптың дыбысы үскіріп соққан боран мен қатты желдің уіліне ұқсас болғандықтан үскірік, кейбір жерлерде уілдеуік деп аталады. Қазіргі кезде аспаптың этнографиялық қазба нұсқасы мұражайда сақталып, дамыта жасалынған түрлері шағын ансамбльдерде қолданылып жүр.

Құссайрауық – тұтасымен саздан жасалған үрмелі археологиялық көне аспаптың бірі.  Өткен ғасырдың соңында Түркістан қаласынан табылған ежелгі қоныстан қазып алынған. Аспап табиғи саз, майда құм секілді заттардың қосындысынан қатты, тығыз етіп жасалған. Аспаптың үрлеу қуысына жақын және екі бүйірінде дыбыс ойнақтары бар. Үрлеу қуысының салыну әдісі бұған дейін анықталған ұлттық үрмелі аспаптарда кездеспейді.

Үрмелі аспаптардың сүйек пен мүйізден жасалатын түрлері де ертеден бері сақталған. Олар қамыс-қурай, ағаштан жасалатын үрмелі аспаптарға қарағанда, ұзақ сақталып, бүгінге жетіп отыр. Соның бірі – бұғышақ. Аспаптың дыбысы марал мен бұғылардың дауысына ұқсас болғандықтан, жайылып жүрген маралдарды бір жерге жинау үшін қолданған. Аспаптың «бұғышақ» аталуы «бұғы шақырғыш», «бұғы сыбызғы» деген түсініктерден туындаған. Жиектері жұқа жез металлмен қапталып, сырты ою-өрнектермен безендіріледі.

Үрмелі аспаптар ішінде тұтасымен теріден жасалатын жалғыз нұсқасы – желбуаз аталады. Жалпы тұрқы теңіз қауашағы секілді іші қуыс етіліп, тұтасымен көн теріден жасалады. Екі жерінен дауысын шығарып ойнайтын дыбыс ойықтары салынған іші қуыс ұзынша қамыс түтікшелері орнатылады. Аспаптың жасалу әдіс-тәсілі күрделі. Ен далада мал бағатындар оны қозы, ешкі терісінен жасаса, теңіз жағасында тұратындар итбалық асқазанынан жасайды. Аспап жасалатын теріні жарғақ жүнінен тазартып алып, қоламта қызуына уқалай отырып жұмсартып, керіп-созып кептіреді.

Ұран – өзегі алынып, қаққа бөлінген іші қуыс екі ағашты қайта біріктіріп, сырты қайыспен орап жасалады. Дыбысы күшті, жуан, алайда, 1-2 дыбыстан артық бермейді. Ертеде жаугершілікте ұран шақырып, құс салып, аң қамауға қолданылған. Түркі тілдес халықтар арасында ол ұлттық мереке, діни салт-жораларда, мешіт-мазар төбесіне шығып белгі беруге қолданылады.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет:vk.com