«Астана Жұлдызы» екінші мәрте жарқырайды!

«Астана Жұлдызы» екінші мәрте жарқырайды!

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен, «Adam Media Group» орталығының ұйымдастыруымен 2014 жылы 3 шілдеде Астана қаласы «Бейбітшілік және Келісім» сарайында отандық тұңғыш Кәсіби музыкалық бәйге «Астана Жұлдызы. Ұлттық музыка бәйгесі» екінші мәрте өтеді!

Естеріңізде болса, былтыр музыкалық бәйге Астана күнінің 15 жылдығына орай тұңғыш рет қала әкімдігінің бастамасымен өткізілген болатын. Отандық музыка өндірісіне тигізетін мол әсерін ескере отырып, «Астана Жұлдызы» жобасының бастамашылары шараны әр жылда өткізуге бел буды.

Алғашқы қадамнан-ақ «Астана Жұлдызы. Ұлттық музыка бәйгесі» Қазақстан музыка өндірісіндегі ең беделді, шоу-бизнестегі ең жарқын жобаға айналды. Былтыр Қазақстанның танымал әртістері: Роза Рымбаева, «МузАрт», «Ұлытау», «Musicola», «КешYou», Маржан Арапбаева бәйгенің лауреаттары атанып, Әли Оқапов, ағайынды Задарновскийлер сынды дарынды жастар да марапттарға ие болған еді.

«Астана Жұлдызы» Ұлттық музыка бәйгесі» әлемдегі ең танымал музыкалық бәйгелер ережесіне сай жүзеге асады. Жобаның басты ерекшелігі - жүлдегерлерді таңдаудағы кәсібилік. Отандық музыканың дамуына, жаңарып, жаңғыруына әсер еткен үздік өнерпаздарды құрамында 100 кәсіби маман - еңбегі сіңген әртістер, продюсерлер, композиторлар, ақындар, музыка және fashion-өндіріс мамандары, БАҚ өкілдері бар Қазақстанның Музыкалық Академиясы таңдайды. Дауыс берудің осы жүйесі әлемдік деңгейде қолданылып жүр.

Үздіктерді анықтау екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде кәсіби мамандар 11 аталым бойынша 3 үміткерді лайық деп таниды. Екінші кезең, яғни, мәреге сарапшылар әр аталымнан ең мықтыны таңдайды. 11 аталым жеңімпаздарының есімдері Ресми Марапаттау Рәсімінде 2014 жылдың 3 шілдесінде белгілі болады. Бұл күні Астанадағы «Бейбітшілік және Келісім» сарайы алдында, қызыл кілем үстімен жанкүйерлердің қолдауына лайықты отандық ең үздік танымал жандар мен өнер адамдары жүріп өтеді.

Жобаның басты мақсаты - кәсіби білікті сарапшылардың таңдауы арқылы ұлттық музыканың өркендеп, өрлеуіне ықпал ету, сапалы музыканың сұранысқа кеңінен ие болуына жағдай жасау. Бәйге болашақ Қазақстанның жарқын келбетімен байланысты болмақ.

Дайындаған: Анар Мұстафина

Сурет: facebook.com

A. Mustafina