"Анаға хат" сағыныштан туған ән

"Анаға хат" сағыныштан туған ән

Көмейіне бұлбұл ұялаған әнші Ажар Түзелбекқызы осыдан бір жыл бұрын көлік апатына ұшырап, мезгілсіз көз жұмған болатын. Оның орындауындағы «Сағындым сені», «Бақыттымын», «Сезім еркесі», «Анаға хат» әндері халық жадында мәңгілік қалды. Әсіресе, марқұм әншінің орындауындағы «Анаға хат» әнін тыңдаған бойда кім-кімнің болмасын жүрегі езіліп, жаны тебіренетіні сөзсіз.

Әлемдегі ең асыл зат анаға арналған әсем әнді «Алтын бесік», «Сезім тілі», «Айтайын», «Қыздар-ай» т.с.с. әндерінің авторы белгілі ақын-сазгер Жәудір Артықбаева жазған. Бұл әнді Жәудір Артықбаева бесік тербетіп, туған өлкесін, балалық шағын, төркінін, алыста қалған анасын еске алып отырғанда жазған екен. Анасына деген сағынышын сазгер жылы сөздерге толы шумақтарды сазбен өрнектеу арқылы беруді жөн деп санаған. Қайта келмес тәтті күндерді еске алғанда сазгер біресе күліп, біресе жылап «Анаға хат» деген әнді дүниеге әкеледі.

«Анаға хат» дайын болған сәтте сазгер оны марқұм Ажар Түзелбекқызына ұсынады. Өз кезегінде әнші сағынышқа толы әнді шебер орындап шықты. Ән бірден үздіктердің қатарынан көрініп, әнші көп ұзамай бұл әнге бейнебаян түсіреді. Алайда, бейнебаян желісі мен ән мазмұны бір-біріне қарама-қайшы. Бейнебаян желісі бойынша жап-жас қыз табан асты қамауға алынып, түрмеге түседі. Темір тордың арғы жағында отырып ол ауылда қалған анасына хат жазады. Кейін қыз ақталып, қамаудан босатылады. Жәудір Артықбаева бір сұхбатында: «Анаға хат» әніне түсірген бейнебаянды көрген бір кісі жаныма келіп: «Жәудір, «Анаға хат» деген әніңізді түрмеде отырып жазғаныңыз рас па?!» дегенде шалқамнан түсе жаздағанмын» деген еді. Расында да бейнебаян ән тарихына қатысы жоқ күрделі мәселелерді қозғаған. Бейнебаянды әннің туу тарихымен сабақтастырып түсірген жөн болар еді.

Әуезді ән алғашқыда кеңінен таралғанымен, кейін көп шырқалған жоқ. Оған себеп ән орындаушысы Ажар Түзелбекқызының сахнадан көрінбей кетуінде еді. Енді, міне, ән күллі қауыммен бірге әншісін жоғалтып алды. Бірақ, әншінің сахнадағы орнын жоқтатпай, әнді келешекте нақышына келтіріп орындап беретін әнші табылады деген ойдамыз.

Анаға хат

Әні мен сөзін жазған: Жәудір Артықбаева

Орындаушысы: Ажар Түзелбекқызы

Сен әлдилеп менің жанымды жабырқау жұбатқан,
Сен арманым сұлулық тапқанда сыр боп аққан.
Сен жалғанның жырларын жаттатқан жалықпай, ана,
Сен «ботақаным» деген соң, өмірді ұнатқам анам.

Қайырмасы:

Өмірімнің гүлі дедің,
Сағынып мені жүрегің,
Жолыма қарап жүрсің-ау,
Ұғынам, сезінем, білемін.
Ағайын, туыс, бауырға,
Сәлем айт туған ауылға.
Өзім де барып қайтармын,
Көргенше аман бол, жан ана.


Сен ақ қанат арманым, жүректе жүрем аймалап,
Сен есен-сау жүрсең, өмір құлпырған айналам.
Сен үйреттің мейірім, махаббат, өмірдің бәрін,
Сен «ботақаным» дегенде соң, мәзір ойнағам анам.

 

 Суреттер: minber.kz, alashainasy.kz

Ғ. Ұзақ