Тото Кутуньо Қазақстанда ән шырқайды!

Тото Кутуньо Қазақстанда ән шырқайды!

Италияға ғана емес, күллі әлемге аты танылған әнші әрі композитор Тото Кутуньо енді біздің елімізде де өнер көрсететін болады. Жетпісті алқымдаған өнер иесі Қазақстанның оңтүстік астанасы Алматы қаласындағы Республика сарайында наурыз айының жиырма сегізінші жұлдызында жеке концертін бергелі отыр. Ал елордадағы концерті отызыншы наурызға жоспарланып отыр. Айтулы кеш "Қазақстан" Орталық концерт залында өтеді.

Италияның алтын дауысына айналған Тото Кутуньоны мыңдаған жанкүйерлері асыға күтіп жүр десе де болады. Себебі, оның концерттері барлық елдерде аншлагпен өтеді. Әншінің кейбір әндері біздің ата-аналарымыздың жастық шағының әнұранына айналған. Бір кездері "Мам, мам Мария" әнімен қазақстандықтардың жүрегін жаулаған әнші бұл жолғы кешінде ең үздік деген хит әндерін орындайтын болады. Олардың арасында "L’italiano", "Africa", "Solo Noi", "Soli", "Donna, donna mia" сынды танымал әндер бар.

Қосымша айта кетейік, Сальваторе Кутуньо 1943 жылдың 7 шілдесінде Италиядағы Фосдиново қаласында дүниеге келген. Бала кезінен музыкаға жақын болып, кернейде, соқпалы, гармон тектес аспаптарда ойнаған. Ең алғашқы жеңісіне 13 жасында жеткен. 19 жасында кәсіби музыка жазуды бастайды. Кейіннен ол "Toto e Tati" атты топ құрып, өзі ән жаза бастады. Оның Джо Дассенмен бірлесіп жазған әндерін көпшілік сүйіп тыңдайды. Сондай-ақ, әнші-сазгер Кутуньо Адриано Челентано, Мирей Матье, Ricchi e Poveri, Далид секілді атақты әншілерге арнайы ән жазған. 

Әрбір әнінен жылылық пен романтиканың лебі есетін аңыз әншінің концерті рухани азық сыйлайды деп сенеміз. Дәл қазір билеттер сатылу үстінде. Нақтырақ айтсақ, 15000, 20000, 25000, 30000, 35000 теңгеге ала аласыздар.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: rg.ru, fotofact.net