K-pop жанкүйерлері шаттанған күн

K-pop жанкүйерлері шаттанған күн

Түрлі-түсті шаш, жіңішке шалбарлар мен әшекей аксессуарлар, - бір қарағанда әңгіме қыздар жайлы сияқты, алайды бұл кеше ғана қаламызға қонақ болып кеткен «MyName» тобының өзіндік стилі. Топ мүшелері Ин Су, Ган У, Сэ Йоң, Чжун Ку, Чжэ Чжин Алматыда осымен екінші рет қонақ болды.

Топ мүшелері солдан оңға қарай: Чжун Ку, Ин Су, Сэ Йоң

Топ мүшелері солдан оңға қарай: Чжэ Чжин және Гон У

2013 жылдың тамыз айында топ Алматыда өткен K-pop cover dance festival байқауында төрелік етіп, Студенттер сарайында өз өнерлерін көрсеткен болатын. Сол кеште Қазақстанға тағы келеміз деп уәде беріп, Шығыс күнтізбесі бойынша Жаңа жылда сол уәделерінде тұрып, қазақстандық жанкүйерлерге шағын жеке концерт қойып, қуантып қайтты.


«Kazakhstan-Korea dream concert» деген атау алған концертте алыстан келген қонақтарды қолдауға «Ringo» мен «Juniors» тобы ат салысты. Отандық екі топ та тірі дыбыста ән салып, би билеп, шетелдік қонақтардан кем емес өнер көрсете алды.

"Ринголықтарға" қолдау білдіріп, екінші жағынан корей өнерпаздарының өнерін тамашалауға отандық әншілер де келді. Көрермендер арасынан Әли Оқаповты, Аша Матай, "Мистерионс" тобы мен Ғаділбек Жанайды және "Wake up" би тобын байқап қалдық.

 

Осы күнге дейін корей өнерпаздарының бейнеклиптері мен live-концерттерін тек ғаламтор арқылы тамашалап жүрген көрермендер MyName тобын көруге келді. Бұл оларға бір жұтым таза ауа іспеттес екені жасырын емес.

Концерт алдындағы баспасөз маслихатында жігіттер бірінше кезекте Алматының ауа райын сөз етті. «Келерде Алматыда -16 градус екенін білсек те, мұндай аяз болатынын білмедік. Бірақ дала әппақ, сондай әдемі», - деді жігіттер. Және әлемнің қай қаласында болсын ән айтуға, өз өнерлерін көрсетуге ынтық екендерін айтты. «Әлем бойынша жанкүйерлеріміз көп болса деп армандаймыз. Өнерімізді халыққа арнаймыз ғой», - дейді атақты болса да, өте қарапайым әншілер.

Жалпы топқа келер болсақ, топты 2011 жылы «Fly to the Sky» дуэтінің лидері Хван Хи құрған. Бірін актер өзі таңдаса, бірі кастинг арқылы келген. Топ лидері Ин Су кішентайынан балет биімен айналысқан, ал кейін вокалға жазылып, әншілікке бет бұрған, ал Чжэ Чжин арнайы өнер мектебін тәмамдаған. Чжун Кудың мектепте ән айтатын өз командасы болған. Тек Се Йоң ғана өнерге ата-анасының қалауымен келген, негізінде ол футболшы болуды армандаған екен. 3 жыл ішінде топ Корей сахнасын ғана емес, Жапонияны да бағындырып үлгерді. Тіпті Жапонияда жанкүйерлері корейлерден де көп деседі.

Былтыр топ Кореяны «Just that little thing» әнімен дүр сілкіндірді. Хит болған әнге жігіттер хореографиясын да өздері дайындаған екен. Бұл әндер жігіттер 12 рет отырып, тұрып, аяқтарын көтереді. Синхронды қимылдау үшін жігіттер 24 сағат бойы дайындық жасайды. Тек арасында ғана тамақ ішіп, ұйықтап алуға ғана уақыттары болады екен.

Ал «Baby, I’m sorry» бейнеклипі жігіттердің актерлік шеберліктерін көрсетеді. Чжэ Чжин тіпті осы бейнеклип арқылы фильм, не телехикаяға шақыру алып қаламын ба деген арманын да жасырмапты. Жалпы топ өз аттарына сай, мақтанышпен айта алатын өнер көрсетуге ұмтылады.

Концертті Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы елшісі Пэк Чу Хен ашты. «Мұндай концерттер екі ел арасындағы достықты нығайтып қана қоймай, мәдениеттерімен танысып, біріктіреді. Біз «Көзімнің қарасы» сынды әндерді жақсы көрсек, сіздер корей әндерін жақсы көресіздер», - деді елші. Сонымен қатар, концерттің өтуіне демеушілік танытқан DongBang корей эстетикалық медицина клиникасы билет сатып алған көрермендер арасында лоторея ұйымдастырып, өз сыйлықтарын табыстады.

Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы елшісі Пэк Чу Хен

Бір жарым сағат бойы қазақстандық «Ringo» және «Juniors» топтары және Оңтүстік Корея қонақтары, k-pop өкілі «MyName» тобы тірі дыбыста ән айтып, би билеп, керемет пластика, нағыз өнер көрсетті. Кеш соңында «MyName» Қазақстанға тағы жеке концертпен келеміз деп уәде берді. Бұл жолы уәдесінде тұра ма, оны уақыт көрсетер...

Сурет: massaget.kz

Автор: Анар Мұстафина

A. Mustafina