«Той Beststar» бәйгеге жылқы тігеді

«Той Beststar» бәйгеге жылқы тігеді

Той думаны – «Той Beststar» бағдарламасы «Тойжарыс» деп аталатын бәйге жариялайды.

Сайысқа қатысу үшін тойға барып (өзіңіздің той ма, басқаның тойы ма – сіздің еркіңіз), тойда орын алған ерекше тілек, қызықты флешмоб, біртүрлі билер, бұрын болмаған ойындарды байқаған бойда бейнебаянға түсіріп алыңыз. Еркіңізге еш шек қойылмайды, тойда өзіңіз қызықты дүние ойлап тауып, ерекше бейнебаянды өзіңіздің сюжетіңізбен түсірсеңіз де болады. 

Жеңімпаз Ұлыстың Ұлы күні 22-Наурызда анықталатын болады. Дәл осы мереке күнінде ең қызықты бейнебаянмен ерекшеленген кісі студияға келіп, жылқы жетектеп қайтады!

Әр сенбі кешінде нағыз қазақтың тамаша тойы думанын «Той Beststar» бағдарламасын қараңыз. Той иелері болып апалы-сіңлілі Айгүл Иманбаева мен Жанар Айжанова қала береді. Бұл ханымдар ұйымдастырған той сән-салтанаты жағынан ешкімнен кем болмайды.


Бұл ешқашан кешікпей, дәл уақытында басталатын жалғыз той десе де болады. Ал тойдың асабасы – қара сөзді сапыратын сері Нұрлан Албан.

Ұлы той Бағдат Сәмединованың «Сарыарқа» әнімен ашылып, Қайрат Нұртас, Айгүл Бажанова, Жомарт Марат, Айқын, Ғалымжан Жолдасбай, Шәбә Әденқұлдың тойға тарту еткен әсем әндерімен жалғасын табады.

Ал тойда ән салатын әншілер нағыз қазақ тойына лайықты болу үшін, «Той BestStar» думаны «Тойфактор» деп аталатын жаңа айдар ұсынады. Өзін қазақтың тойына лайықтымын деп санайтын кез келген әнші келіп, Айгүл мен Жанардың сынынан өте алады. Ендеше, осы аптада «Тойфактор»-да жас әнші ADAM бағын сынайтын болады.

«Той Beststar» бағдарламасын әр сенбінің кешінде, сағат 19.20-да КТК арнасында тамашалай аласыздар.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: Бағдарлама баспасөз қызметі

С. А