Солтүстік Кореяда тұңғыш рет хип-хоп-клип түсірілді

Солтүстік Кореяда тұңғыш рет хип-хоп-клип түсірілді

Америкалық рэперлер PacMan мен Peso «Escape to North Korea» деп аталатын клип түсірді. Солтүстік Кореяда түсірілген тұңғыш клип Пхеньянның орталығында, саябақтарында түсірілген.

Вашингтон қаласының тұрғындары PacMan мен Peso бұл үшін kickstarter деп аталатын қор құрған. Олардың ісін құптаған интернет қолданушылары 10 мың АҚШ доллары көлемінде ақша жинап берген.

Бастапқы кезде хип-хоп рэперлер клиптің негізгі оқиғасында қыздар мен жігіттерге тола караоке-автобуспен қаланың басты көшелері бойынша жүріп өткен көрінісін түсіргісі келген екен. Бірақ олар бұл ойларынан қайтып, Пхеньян көшелерінде, бас көсем бейнеленген суреттер мен мектеп ішінде де жаяу ән айтып жүріп-ақ клип түсіре алыпты. Рэперлер Солтүстік Кореяда 5 күн ғана болыпты.

Естеріңізге сала кетсек, республикада қала ғимараттары мен мүсіндерді суретке я видеоға түсіруге тыйым салынған, сондықтан да көптеген интернет қолданушылары рэперлердің бұл іске қалай батылы жетіп барғанын түсінбеуде.

Америкалық рэперлердің діні мен ділі бөлек өзге елде өздерін бұлай ұстауына жауап іздеген бірқатар белді басылымдар: The Washington Post, The Guardian, Huffington Post, Fuse News, XXL.com, Bloomberg, The Japan Times әзірге зерттеу жүргізіп жатыр екен.

Дуэт өте жас екі рэперден құралған, екеуі де бар болғаны 20 жаста екен. Олардың шын аттары Энтони Бобб және Донтрэй Эннис.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: furfur.me

А. Құлтай