Ringo тобы бұдан былай байқауларға қатыспайды

Ringo тобы бұдан былай байқауларға қатыспайды

Ringo тобы жақында ғана Turkvizyon-2013 ән сайысынан қайтып оралған болатын. Қазақстандық іріктеу кезеңінен, Түркиядағы жартылай финалдан сүрінбей өткен жігіттер ақырында 12 орындаушының арасынан тек 9-шы орынға қол жеткізді.

Бұндай нәтиже жігіттердің де, топ продюсері Алуа Қонарованың да көңілінен шықпағаны айтпаса да белгілі. Олар халықаралық музыкалық байқаудың ұйымдастырылуына мін айтып, сайыста орын алған техникалық ақаулар және жеңіске жетудегі басқа да әдейі ұйымдастырылған бөгеттерді атады.

"Turkvizyon-2013 ән байқауының жергілікті, яғни Қазақстандағы іріктеу кезеңі өте жоғары дәрежеде өтті. Түркиядағы жартылай финал да біздің топ үшін сәтті болды. Жартылай финалдың нәтижелері бойынша Ringo тобы бірінші орында болатын. Алайда финалдық концерт біз үшін күтпеген жағдайларға толы болды. Біріншіден әубастан финалдың нәтижелері смс арқылы дауыс берумен анықталады деп айтылған. Алайда финал болатын күні соңғы шешімді қазылар алқасы қабылдайтынын білдік. Сондай-ақ жеңіске жеткен Белоруссия және Украина елдері түркі тілдес елдердің қатарына енбейтіні түсінікті.  Ал әр елден орындаушыны ұлтына сай таңдауы қате екені көрініп тұр," – деп өз наразылығын білдірді топ продюсері Алуа Қонарова.


Топ мүшесі Данияр Өтеген"Білуімше, Түркия елінің Turkvizyon байқауын ұйымдастыруының бірден-бір себебі - олардың атақты "Еуровидение" сайысының жаңа ережелеріне келіспей, оған қатысудан бас тартуы болған. Еуровидение байқауының жаңа ережелері бойынша орындаушыларға берілетін қазылар алқасының бағасы халық дауысынан әлдеқайда жоғары есептелетін болып қабылданды. Бірақ айналып келгенде Turkvizyon де дәл осындай ережелермен жұмыс істеді.

Техникалық жақтан да қиындықтар болды. Финал кезінде сахнадағы колонкалар жұмыс істемей қалып, біз өз дауысымызды да, музыканы да естуге мүмкіндігіміз болмады. Ал дыбыс пультінде отырған дыбыс режисеріміз мәселені шешпек болғанда, оған қасында отырған жергілікті мамандар мүмкіндік бермеді,– деп пікірін айтты.

"Оған қоса финалдағы қазылар құрамы ауысып, музыкаға, өнерге еш қатысы жоқ спортшылар, жергілікті финансистер кірді. Түріктің Manevra тобы да  біз сияқты жартылай финалдан кейін үздіктер қатарында болатын. Ал финалға дейін біз жайлы да, сол түрік тобы жайлы да түрлі өтірік өсектер шығып, бізге сырттай жала жабылды," – деп жалғастырды жігіттер.

"Конкурстың ұйымдастырушылары Әзірбайжан елі болып шықты. Сол елдің бай азаматтары, компаниялар Turkvizyon-ның ұйымдастырылуына қыруар қаражат бөлді. Бірінші орынды Әзірбайжан өкілі, екінші орынды Белоруссия орындаушысы (ұлты әзірбайжан) Гюнеш, үшінші орынды украиналық татар қыз Фазиле Ибраимова, қазылар төрағасы болған кісінің жерлесі алды," – деп еш жасырмады Ringo тобы.

"Менің ойымша, Ringo тобы бұдан былай түрлі конкурстарға қатыспайды. Біздің топ осымен бірнеше рет белді, халықаралық сайыстарға қатысып отыр. Жігіттер халықаралық байқаулар сахнасында әбден жаттығып, ондағы қиындықтармен таныс болды. Енді жолды жас әншілерге ашудың да кезегі келген сияқты. Біз Turkvizyon-2014 жарысына қатыспайтын боламыз," деп қорытындылады топ продюсері.

Дайындаған және суретке түсірген: Сания Аринова

С. А