Сон Паскаль жаңа әніне бейнебаян түсірді

Сон Паскаль жаңа әніне бейнебаян түсірді

Қазақ тілінде ән айтып жүрген италиялық әнші Сон Паскаль өзінің тыңдармандарын кезекті жаңалығымен қуантып қана қоймай, бұл жолы тіпті таңғалдырмақ ниетте. Ол «Махаббат» атты жаңа әніне еліміздің бас қаласы – Астанада реалити-шоу жанрында жаңа бейнеклип түсірді.  

Бұл бейнебаян арқылы Сон Паскаль сазгер-әнші ғана емес, оператор және режисер ретінде бағын сынап көрді. Бейнебаянды түсіру үшін әнші қолына камера алып, жаңа туындысы - «Махаббат» әнін айта жүріп, бір күнде Астана қаласын аралап шықты. Басты көшелерден бастау алып, Есілдің бойын жағалаған автор қалалық №4 мектеп, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, әуежай, «Хан шатыр», «Керуен» ойын-сауық орталықтары, тіпті спорттық жаттығу орындарына дейін барып, халықтың көңіл-күйін көтерді, астаналықтарды армансыз билетті. Осының бәрі бейнебаянда қаз-қалпында қамтылған. Астана жұрты осылайша махаббат туралы жаңа әннің алғашқы тыңдармандары болды. 

«Махаббат» әнінің сөзін жас ақындар жазса, сазын әншінің өзі шығарған. Ғашықтық сезім, сүйіспеншілік – бейнебаянның негізгі тақырыбы. Ал басты ерекшелігі –  мұнда еш жасандылық жоқ.

Бейнебаян режисері – Санжар Мәдиев. 

Жолдаған: Гүлназ Сатыбалдықызы

Сурет: Гүлназ Сатыбалдықызы

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Massaget