Rin'Go тобы Turkvizyon-2013 сайысына аттанады

Rin'Go тобы Turkvizyon-2013 сайысына аттанады

Turkvizyon-2013 халықаралық ән байқауына Қазақстан атынан Rin'Go тобы баратын болды. Бұл Астанада демалыс күндері өткен сайыстың қазақстандық іріктеу кезеңінің нәтижесінде белгілі болды.

Астанадағы "Қазақстан" концерт залында өткен гала концертте 16 жаңа ән орындалып, үздігі көрермендердің дауыс беру арқылы анықталды. Орындаушылар арасында танымал жұлдыздар да, әлі аттары шығып үлгеремген жас әншілер де болған. Айқын, Әли Оқапов, Луина, Нұржан Керменбаев, Рүстем Жүгінісов, Салтанат Бақаева, Серік Ибрагимов, Жасұлан Айтенов, Кентал, Фариза Фортуна, Ademi, "Rin'Go", "Алашұлы", "Бастау" мен "КешYOU" топтары Түркия елінде өтетін «Turkvizyon-2013» сайысында Қазақстанның намысын қорғау мүмкіндігіне бақ сынасты.

Қазақстандағы соңғы іріктеу кезеңінде нәтиже көрермендердің sms дауыс беруі бойынша анықталды. 5-орынды 7 пайыз жинаған Әли Оқапов алса, 4-орынды 9 пайызбен "КешYOU" тобы иеленді, үшінші орын 14 пайыз жинаған "Алашұлы" тобына тиеселі болса, екінші орында көрермендер дауысының 16 пайызына ие болған Нұржан Керменбаев көрінді. Ал үздік болып көрермендер дауысының 18 пайызын алған "Rin'Go" тобының "Бірлікпен Алға" әні танылды.

"Былтыр Анкарада болған гастрольдік сапардан кейін "Rin'Go" тобын Түркия елінде танымалдығын арттыру ойы пайда болды. Біз түркиялық продюсерлермен әңгіме барысында, бұл үшін әжептеуір уақыт керек екендігін түсіндік. Аяқ асты осы сайыстың болатындығын естідік. Жігіттер бұл мүмкіндікті жібермей, бәрі ойдағыдай болды",-деп "Rin'Go" тобының продюсері Алуа Қонарова өз қуанышын білдірді.

Түрік тілдес елдер арасындағы үлкен музыкалық шара "Turkvizyon-2013" Түркия елінде, Эскишехир қаласында 21 желтоқсан күні өтеді. "Бұл әлемдік деңгейдегі жаңа музыкалық ән сайысы көптеген түрік тілдес елдер үшін "Евровидение" байқауына балама болады. Түркі музыкасын орындайтын елдердің бәрін бір сахнада жинап, үздігін анықтау әлемдік музыка саласында үлкен назарға ие болады", – дейді ұйымдастырушылар.

Түрік әлемінің ең үздік әні деген атаққа Қазақстанмен қатар, Әзірбайжан, Алтай Республикасы, Башқұртстан, Беларусь, Босния мен Герцеговина, Грузия, Қытай, Қырғызстан, Македония, Молдова, Қырым Республикасы, Солтүстік Кипр, Татарстан, Түркменстан, Түркия мен Өзбекстан елдері бақ сынасады. 

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: vk.com

С. А