«Әнші балапаннан» шыққан әншілер

«Әнші балапаннан» шыққан әншілер

23 жыл бұрын еліміздің барлық өңірлерін қамтыған балалар музыкалық конкурсы өз жұмысын бастаған болатын. 1990 жылдың 6 мамырында республикалық деңгейде өткізілетін «Әнші балапан» бағдарламасы «Қазақстан-1» арнасынан тікелей эфирде көрермендерге жол тартты. Роза Назимқызы Жанчуринаның бастауымен іске асқан бұл жоба мыңдаған әнші баланың арманына қанат бітіріп, эстрадаға жол ашты. Бүгін біз солар жайлы, яғни «Әнші балапаннан» шыққан жұлдыздар жайлы сөз қозғамақшымыз.

Мәдина Сәдуақасованың сахнаға алғаш қадам басуы 1992 жылы осы «Әнші балапан» байқауында болған. Бұдан кейін ол көптеген байқауларға қатысады, бірақ жұлдызы «Музыкальный вояж» телебайқауында жанады.

Динара Қырықбаева «Әнші балапанға» бес жасында қатысады. Бұдан кейін «Айгөлек» және тағы басқа балалар байқауында топ жарады. Бұл байқаулардан кейін Динара әншілікке толықтай бет бұрып, әндер жаздырып, бейнеклиптер түсіріп, тіпті жеке концертін де беріп үлгереді.

1990-95 жылдары Ақтау өңірінен «Әнші балапан» байқауына қатысып, бағы жанған Ақылбек Жеменей 2003 жылға дейін туып-өскен жері Ақтау қаласында өнер көрсетіп, танымалдылықтың дәмін тата бастайды. Алайда нағыз танымалдылық оған Алматыға қоныс аударып, Лұқпан Жолдасовпен серіктестік құрғаннан бастап келеді.

«Әнші балапан» дәуірінен есте қалған әншілердің бірі – Ерболат Құдайбергенов. Оның қарындасына арнап айтқан «Салтанат» әні қазақ жұртшылығының әлі есінде.

Әлішер Каримов 5 жасында «Әнші балапан» сахнасында «Ялла» тобының танымал «Чайхана» әнін орындаған. Байқаудан «Көрермен көзайымы» жүлдесін арқалап қайтады. Ал есейген соң, 2005 жылы «Superstar.kz» тележобасына қатысып, екінші орынды иеленеді.

Кенжебек Жанәбіловке өнер анасы Алтынкүлден дарыған екен. Ән-жыр десе, алдына жан салмайтын анасы баласының өнер жолын қууына ықпал еткен. Алайда, аға-әпкелерінің арасынан өнер жолына түскен тек Кенжебек қана. Кішкентайынан «Әнші балапан» тәрізді түрлі бәйгелерге жиі қатысып, мектептегі сабақтарынан қалып қойса, жүлделерімен «жауып» жүретін болған. Әйтсе де, өте тәртіпті, тілалғыш бала болып, сабақты да жақсы оқыған.

Карина Абдуллина үшінші ұрпақтағы музыкант. Сол себепті жастайынан ән айтуға құмар ол «Әнші балапан» байқауын айналып өтпеді. Онымен қоса, ол «Утренняя звезда» ресейлік балалар музыкалық байқауының бас жүлдегері.

Дильназ Ахмадиева сұхбаттарында ән салуға кішкентай кезінен құмар болғанын жиі айтады. «Әнші балапаннан» кейін бойжеткен шағы басқа мамандықты игеруге жұмсалса да, ол сахнаны армандап, ақырында эстрададан өз орнын таба білді.

Алмас Кішкенбаевтың бағын ашқан «Superstar.kz» музыкалық байқауы болғанымен, 5-6 жасында қатысқан «Әнші балапан» оның музыкалық жолды таңдауына себеп болды.

Жанар Доғалованың есімі тек соңғы кездері жиі аталып жүр. Алайда, ол өнерге кішкентай кезінде аяқ басқан. Түрлі музыка байқауларының жеңімпазы, оның ішінде қазақстандық «Әнші балапан», «Жас қанатты» бағындырған әнші дарынымен қазақ жұртшылығын әлі қуантады деп сенеміз.

Фарида Жолдасованы кішкентай кезінен әншілік қырынан танимыз. Қуыршақтай қыз «Әнші балапан» көрермендерін ғана емес, бүкіл жұртшылықты тәтті дауысымен, әсем әндерімен баурап ала білді. Қазірде бойжеткен Фарида тыңдармандарын әдемі әндерімен қуантып жүр.

Ал Өмірқұл Айниязовтың 1992 жылы «Әнші балапан» сахнасында қарындасымен бірге орындаған әнінің видеосы да бар екен. Өмірқұлдың өнер жолындағы алғашқы қадамдарын бірге тамашалайық.

Айта кететіні, «Әнші балапан» 1999 жылдан Халықаралық деңгейге өтіп, байқауға әр елден келген орындаушылар қатыса алады. Дәстүрлі балалар музыкалық байқауы әлі талай жас жеткіншектердің жұлдызын жағады деп сенеміз.

Сурет: tengrinews.kz, news.nur.kz, vk.com

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina