Күй құдіретін танытқан концерт өтті

Күй құдіретін танытқан концерт өтті

Ықылас атындағы халық аспаптар мұражайында «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің дәстүрлі өнерді дәріптеген ерекше концерті өтті. Толығырақ дәріс түрінде өткен концертке қатысып қайтқан тілші материалында.

Ұлттық өнеріміздің өрісін кеңейтіп, халқымыздың төл музыкаларын насихаттап жүрген «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі өз көрермендеріне кезекті концертін берді. Әуезді ән мен күй құдіретін танытқан бұл кеш дәріс түрінде өткізілді. Дәлірек, Тұран тобы жиналған қауымға күй мен аспаптардың шығу тарихын ғана баяндап қоймай, өздерінің жаңа бейнебаянының тұсауын кесті. Таныстырған аспаптарының ішінде сирек кездесетін түрлері де болды. Аталмыш кешке Америкадан келген қонақтар да қатысып, түркі халықтарының өнеріне тәнті болды.


«Тұран» ансамблі 2008 жылы құрылғандығын естеріңізге сала кетейік. Түрлі аспаптарды меңгерген бұл топ осы уақытқа дейін 30-ға тарта ән мен күй жаздырып, 2 күйтабағын жарыққа шығарды. Аталмыш ансамбльдің ұстанған негізгі бағыты - ескі әндер мен көне аспаптарды жаңғыртып, түркі халықтарының бірлігін нығайту. Оларды өнер саласында бір арнаға тоғыстыру.


Халқымыздың ертеден келе жатқан төл музыкалық өнерін өңдеп, өнерсүйер қауымға жеткізу. Тағы бір ерекшелігі, топ күйлерінде кітап суреттерінен көріп жүрген ортеке қуыршағын ойнақтатып, өскелең ұрпаққа ұлттық өнерді насихаттауында.


Бұл ерекшеліктерімен жас жеткіншектерді сүбелі өнерге қызықтыруға болады деп есептейді топ мүшелері.


Әр сәрсенбінің сәтті кешінде өтетін бұл жолғы концерт барлық аспаптарды таныстыруымен ерекшеленді. Өткен қыркүйек айында қылқобызбен, қазан айында көпшілікті домбырада ойналатын күйлерімен сусындатқан еді. Бұл жолы да кешті әрбір үйдің төрінен орын алған үкілі домбырамен таныстырудан бастап, «Шабыт» күйін өнерсүйер қауымға тарту етті.


Келесі кезекте «Балақай» домбырасымен таныстырып, Нұрғиса Тілендиев атамыздың «Аққу» күйін орындады.


Отырғандардың бойына үрей билетіп, құдіреттілігімен қараңғы орманға саяхаттатқан "Қасқыр" күйін орындап берді.

"Тұран" тобының домбырашысы Бауыржан Бекмұханбет қазақтың аққу үнді домбырасында Естайдың «Бөгелек» күйін образға кіріп отырып орындады.


Келесі кезекте жетіген, шаңқобыз, даңғыра, шыңдауыл, ортеке секілді аспаптармен таныстырып, жиналған қауымның жүрегіне патриоттық сезім ұялатқан «Қазақ елі» күйін тарту етті.


Өзге ұлт өкілдерін қызықтырған дәріс концерті жанға жайлылық сыйлап, еркін түрде өтті. Мұнымен қатар, күйлердің тарихын екі тілде таныстырып отырды. Қарттар тыңдап, жастар суретке түсіріп, балалар сахна төріне шығып би биледі. Би билесін деп арнайы «Қара жорғаны» да орындады.


Кешті тыңдармандарды шабыттандыра түскен Дәулеткерейдің «Көроғлы» күйімен аяқтап, жаңа бейнебаяндарының тұсауын кесті. Қонақтар кеш соңында ұзақ қол соғып, "Жарайсың!", "Беу!" десіп, қошемет көрсетті.

Дәріс концертті әр аптаның сәрсенбісінде мына мекен-жай бойынша тамашалай аласыздар:

Алматы қаласы, 28 гвардияшыл-панфиловшылар саябағы

Ықылас Дүкенұлы атындағы мұражай

Зенков көшесі 24/А, Гоголь көшесінің қиылысы

Анықтама телефондары: 8 (727) 291 6917

Дайындаған және суретке түсірген: Қарлыға Бүйенбай

Видео: Massaget.kz

Қ. Бүйенбай