Әли Оқапов пен Луина бірге ән айтады

Әли Оқапов пен Луина бірге ән айтады

Елімізде жұлдызды орындаушылар дуэт құрып, бірге ән шырқау соңғы кезде жиі байқалатын көрініс болды. Жастар арасында үлкен танымалдылыққа ие жас әншілер Әли Оқапов пен Луина дуэтінің ортақ өнерін жақында тамашалай аламыз.

Луинаның өкілдері бұрыннан бері ол отандық орындаушылардың бірімен дуэтте ән айтады деп жоспарларымен бөліскен. Бірақ осыған дейін Луинаның дуэттегі жұбы кім болатындығы белгісіз болатын. Алайда әншінің тыңдармандары бірден бұл орынға жас әнші Әли Оқапов сай келетіндігін білдіріп, осындай сыбыс тараған еді. Олардың пікірі расталып, жақында Әлидің осы жобаға тікелей қатысы болатындығы белгілі болды.

Әли тек әнді орындап қана қоймай, оның сөзі мен әнінің авторы болады. Жаңа жазылған ән өңделіп, пісіп жетілуде. Айта кетсек, әннің аты әлі белгісіз. Әлидің музыкалық продюсері Ерлан Алимов: "Әннің музыкасы мен сөзі дайын. Жақында әнді жаза бастаймыз. Жұмыс бірнеше аптаға жалғасады, содан кейін дайын тректі тыңдап, баға бере аласыздар," – деп пікірін білдірді.

Қазірде Әли мен Луина осы әннің жазылуына көп уақыт бөліп жұмыс жасауда. Екі әншінің де танымалдылығы мен осыған дейінгі әндерінің сәттілігін еске түсірсек, жаңа ортақ ән де өте сәтті шығып, тыңдармандардың плей-листінде пайда болады деп ойлаймыз.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: meloman.kz, afisha.headline.kz

С. А