Мәскеуде қазақ әндерінің байқауы өтеді

Мәскеуде қазақ әндерінің байқауы өтеді

Жақында Ресей астанасы Мәскеу қаласында "Алтын күз-2013" қазақ әндерінің мемлекеттік байқауы өтеді.

2 қараша күні басталатын сайыс 3 іріктеу кезеңінен тұрады. Бірінші кастингте әр орындаушы 2 ән орындауы керек. Олардың бірі қазақ тілінде болуы – басты шарт. Алғашқы екі іріктеу кезеңінің нәтижесі бойынша анықталған 12 үздік орындаушы 16 қараша күні болатын финалда өз өнерлерін қайта көрсетіп, бас жүлдеге таласады. Нәтижелер әділ қазылар бағасы бойынша анықталады. Айта кетсек, қазылар құрамына танымал адамдар кіреді деп жоспарлануда. Сайыс қазақстандық және ресейлік эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін гала-концертпен аяқталады. 

Ұйымдастырушылар бұл байқау жүздеген дарынды жас орындаушыға өнер жолын бастауға мүмкіндік бере алатындығын айтты. Сонымен қатар, басқа елде өтіп жатқан қазақ тілін дәріптейтін байқау Ресейде тұрып жатқан қандастарымызға өз тілі мен Отанына деген махаббаты мен құрметін білдіруге бағытталған. Сайыстың басты мақсаты – дарынды жастарды анықтау әрі оларды өнер ортасына әкелу.

Ән сайысы Мәскеудегі қазақ студенттерінің "Атамекен" ұйымы мен Ресейдегі Қазақстан елшілігінің көмегімен ұйымдастырылып отыр.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: vk.com

С. А