Сайнхоның музыкалық сынақтары сәтті өтті

Сайнхоның музыкалық сынақтары сәтті өтті

Қазіргі заманғы этникалық музыканың аса танымал өкілі, композитор, импровизатор, көмей әншісі Сайнхо Намчылак Алматыда концерттік бағдарламасын өткізді. Алуан жанрлы кеште осы заманғы этникалық музыканың қазақстандық шеберлері әншімен бір сахнада өзара жарасым тапты.

Сайнхо алдымен дабыл аспабын қолданып, өзінің лирикалық шығармаларын, туваның әлемдік музыканың танымал стиль-формаларымен астасқан дәстүрлі әндерін орындады. Көрермен көмеймен әндетудің әншінің өзіне ғана тән орындау мәнеріне қанық болды. Ол кең диапазонымен, тамағынан шыққан әр алуан реңкті дыбыстарымен әлдеқандай нәзік, аса сырлы нәрселер жайлы баяндады. «Мачеха-город», «Потерянное небо» әндерімен қатар The Spirit of Tengri фестивалі кезінде танымал болған «Бегущая строка в голове» атты композициясын да көпшіліктің есіне салды. Сайнхо дәстүрлі әндерді заманға сай формалармен ұштастыруды, қазіргі заман адамының тамырын басуды біледі. Сол себепті оның музыкасына гитара мен домбыра үні, ұрмалы аспаптар дауысы, винил ырғақтары, айрықша вокал мен хореографиялық элементтер де араласты. Қазақстандық Hapanasasa тобының акустикалық-электронды әуендері әншіні аяқ астынан түрлі эксперименттер жасауға шабыттандырды. Домбыраның шанағынан шыққан металымен, қазақ тіліндегі жалынды әндерімен кешке өзгеше өң берген «Алдаспан» тобы да Сайнхомен джем-сейшн ұйымдастырды. Электронды музыка мен шаңқобыз дыбысы үйлесім тапты. Бұдан соң әнші белгілі диджей Нариман Исеновпен бірге өнер көрсетті. Кейін бұл екеуіне «Алдаспан» мен Hapanasasa да қосыла кетіп, жанды концерт ортақ бірегей импровизациясымен аяқталды. Тыва әншісі нью-эйдждің алматылық тыңдармандарына оңаша клуб құруға кеңес берді.

Дамир Алибакиев, Hapanasasa тобының жетекшісі:
- Сайнхо сияқты ерекше музыканттардың концерті - жұрттың қолы жете бермейтін, сирек болатын құнды шара. Мұндай аса тәжірибелі адаммен жұмыс істеу біз үшін зор қуаныш болды. Мен оны бес күн бойы көрдім, бірақ бес күн сайын ол әр басқа адам сияқты әсер қалдырды. Бізді алғаш көргенде-ақ ол немен айналысып жатқанымызды, «асханамыздың» қандай екенін бірден ұқты.

Сайнхо Намчылак, әнші, ақын, композитор:
- The Spirit of Tengri фестивалі кезінде ұйымдастырушылар Алматыда көмей әуені бойынша дәріс оқуға шақырды. Мен келісіп, сол мақсатпен Алматыға келіп отырмын. Жанды концерт беру де - ұйымдастырушылардың ұсынысы. Кеште бұрын жазылған әндеріммен бірге әлі жарыққа шықпаған, формасын таппай жүрген композицияларымды орындадым, өлеңдерімді оқыдым, винилда ойнап, таспаға түскен әндер мен жанды дауысты байланыстырдым. Ұлттық тамырды сақтау үшін көне музыкалық дәстүрлермен әуестену аз, оны жаңа ұрпақтың қолданысына беру де қажет. Жастар көне дәстүрге жаңа форма береді, ұлттық музыка қазіргі адаммен, жастармен бірге дамиды, этникалық музыка олардың тіршілігінен ауытқып кетпеуі керек, ол техникалық төңкерістің жемісімен, ұялы телефондармен, планшеттермен, компьютермен, интернетпен, винилмен әрдайым байланыста бола беруі керек.

Жолдаған: Болатбек Мұхтар

Сурет: Дмитрий Хегай

A. Mustafina