EMA-2013 нәтижелері

EMA-2013 нәтижелері

Кеше, 15 қыркүйек күні, MuzZone телеканалы ұйымдастырған EMA-2013 II Евразиялық музыкалық бәйгенің салтанатты рәсімі өтті. Қала күніне арналған шара Орталық Стадионда өтті.

"Үздік орындаушы" аталымында Әли Оқапов Қайрат Нұртас пен K-Rim-ның алдына шығып, жеңіске жетті. Әли концертті ашу құрметіне ие болды.

Луина қыздар арасындағы жылдың ең үздік әншісі атанып, Мәдина Сәдуақасова мен Жанар Дұғаловадан озды. 

"Жыл дебюті" болып "КешYou" тобының бұрынғы әншісі, қазір жеке өнер көрсететін Анель Аринова танылды.

"Үздік жігіттер тобы" аталымы бойынша осымен екінші жыл "Rin`Go" тобы жеңіске жетіп отыр. Олар биыл "Орда" мен "Мysterions" топтарының алдына шықты. Дәл осындай, бірақ қыздар топтарының арасындағы аталымда "КешYou" тобы үздік атанды. 

Кешке белгілі не белгісіз себептермен келе алмай қалған орындаушыларды ерекше атап өту керек. Олардың арасында "Евразияның үздік орындаушысы" атты басты жүлденің иегері атанған Батырхан Шүкенов, "Үздік ұжым" атанған "МұзАрт" болды.

"Үздік бейнебаян" мен көрермендердің арнайы сыйлығын "Amouage" (бұрынғы FM  тобы) тобының қыздары алды. 

"Жылдың үздік әні" болып K-Rim орындауындағы Еркеш Шакеевтің "Ты для меня" әні аталды.

Ал Muzzone телеканалының жүлдесі бойынша, Еркеш Шакеев "Жылдың үздік композиторы" атанды. Жүлдені оған танымал француз композиторы Шарль Азнавур берді.

"Үздік дуэт" аталымында Айқын мен Al Nasr-дың "Асылым" әні жеңіске жетті. 

Bacardi тобы Live-топтардың арасында жеңіске жетсе, Жәмилә Серкебаева "Үздік этно-фольк проект" сыйлығын алды.

"Махаббат жайлы үздік ән" аталымында "Асыл әнім" әнін орындаған "Mysterions" үздік деп танылса, "Үздік рок тобы" "Motor-Roller" болды. 

"Интернет таңдауы" аталымы бойынша жеңіске "Нadn`t tea" тобы жетті.

Кеш соңында ресейлік әнші Нюша шақырылған қонақ ретінде танымал әндерін орындады. 

Дайындаған және суретке түсірген: Сания Аринова

С. А