Шернияз скрипка кешіне шақырады

Шернияз скрипка кешіне шақырады

Қазақтың музыкалық орындаушылық өнеріндегі көрнекті жас дарындардың бірі, скрипкашы Шернияз Мұсахан өз концертіне шақырады. Музыкант әйгілі композиторлар шығармаларымен бірге елімізде дүниеге келген жаңа симфониялық еңбекті орындайды.

Еуразиялық мәдениет қоры ұйымдастырып отырған концерт Қазақтың Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясында қыркүйектің 14-і күні өтеді. Оған ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі қатысады, дирижері - Нұржан Байбосынов. Халықаралық байқаулардың жүлдегері Ш.Мұсахан бұл күні Сергей Прокофьевтің, Шарль Франсуа Гуноның шығармаларын орындайды. Сонымен бірге, қазақстандық жас композитор Данара Мұсаханның скрипка мен симфониялық оркестрге арналған концертінің тұңғыш қойылымын ұсынады. Бұл - Қазақтың Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясын былтыр үздік дипломмен тәмамдаған Данараның дипломдық жұмысы.

Кеш иесі - Шернияз скрипкамен бес жасынан бастап айналысқан. 10 жасында Ресейдің әйгілі скрипкашысы, КСРО халық әртісі Владимир Спиваковтың тәлімі мен ақ батасын алды. Мәскеудің П.И.Чайковский атындағы мемлекеттік консерваториясының Орталық музыка мектебінен соң Еуропаның төрт ірі музыкалық оқу орнына бірдей қабылданды. Қазір Лозанна консерваториясы мен Флоренция музыкалық жоғары мектебінде білім алып жатыр.

Жолдаған: Болатбек Мұхтаров

Сурет: fil.kz

А. Құлтай