АДАМ: "Мен енді ешқандай сахнадан қорықпаймын"

АДАМ: "Мен енді ешқандай сахнадан қорықпаймын"

Кеше алматылық БАҚ өкілдері "Жаңа толқын 2013" халықаралық жас орындаушылар фестивалінің бесінші орын иегері, қазақстандық жас вокалшы АДАМ-мен баспасөз мәжілісін өткізді. Ұлттық баспасөз клубында өткен отырысқа АДАМ-ның бас продюсері Динара Адам, музыкалық жетекшісі Элхан Ахмедов, АДАМ Юрмалада орындаған "Гүлістан Қазақстаным" әнінің авторы Құрмаш Маханов пен әншінің өзі қатысты. 

«Юрмалада ауа-райы суық болғанымен, байқаудағы күрес өте ыстық өтті. Біз ол жақтан бесінші орын алып, елге оралдық. Бұл біз үшін жақсы көрсеткіш. Әділ-қазылардың айтуынша, басқа жылдармен салыстырғанда бұл жылғы байқауға қатысушылардың ең үздіктері жиналды. Мен продюсер ретінде өз жобаммен және оның байқаудағы көрсеткен өнерімен мақтана аламын», - дейді АДАМ-ның бас продюсері Динара Адам.

Байқаудың алғашқы сынында Билл Уэлтердың "Ain't no sunshine" әнін шырқаған АДАМ 113 ұпайды қанжығасына байлап, тоғызыншы орынға табан тіреген еді. Ал екінші күнгі кезеңде ол "Өз елдерінің үздік әндері" кезеңі бойынша дарынды әнші Мақпал Исабековамен дуэт болып "Рақмет" (Спасибо) композициясын орындады.

Айтпақшы, осыған байланысты қазақстандық көрермендер арасында "Неге өз елінің әні дегенде қазақ тіліндегі әнді орындамайды?" деген сұрақтың төңірегінде кішігірім дау туындап үлгеріп еді. Бұл сұраққа продюсерлердің де жауабы жоқ емес. АДАМ-ның музыкалық жетекшісі Ахмедовтың сөзінше, байқауды ұйымдастырушылар оларға қазақ тілінде ән айтуға рұқсат етпей, өздері осы әнді ұсынған. АДАМ бұл әнді еркісіз орындапты. Әйткенмен ән продюсерлердің көңілінен шыққан екен. Нәтижесінде АДАМ 116 ұпайға ие болды. Оның бұл көрсеткішін біз тоғызыншы орынға санап жатсақ, "АДАМ" продюсерлік орталығы сегізінші орын деп нәтижеледі. Осыған байланысты Динара: "Біз қарбалас кезінде АДАМ-ның қаншасыншы орын алғандығына емес, қанша ұпай жинап жатқандығына мән бердік. Біз жетуіміз керек ұпайды есептеп жүрдік", - дейді. 

"АДАМ" продюсерлік орталығы "Жаңа толқында" жас әншіні жетелеп, онымен дуэт болып ән айтуға келісімін берген әнші Мақпал Исабековаға дән риза екендігін жасырмады. Осыған сай Динара Адам: «Мақпал бұл ең бастысы АДАМ-ның сыны екендігін түсінді. Байқауда өзінің емес, АДАМ-ның өнерінің бағаланатынын біліп, ән айтқанда оған көмек беріп тұрды», - деп ағынан жарылды. 

Байқаудың ақтық мәресінде АДАМ әнші, композитор Құрмаш Махановтың әніне, жазба және айтыскер ақын Балғынбек Имашевтың сөзіне жазылған «Гүлістан Қазақстаным» әнін орындады. "Мен байқаудың үшінші күнінде Құрмаш Махановтың «Гүлістан Қазақстаным» әнімен қазақтың кім екендігін танытқым келіп, рухтанып шықтым», - дейді жас әнші.

Өзінің ән жазу жағынан шығармашылық шабытының алғашқыларының бірі саналатын туындысы өзге елде орындалғанынан ләззат алған Құрмаш Махановтың АДАМ-ның орындауындағы әнге көңілі толды ма? 

«АДАМ байқауда менің әнімді өте жақсы деңгейде орындады. Мендей жаңадан тәй-тәй басып келе жатқан композитор үшін бұл үлкен белес болды. АДАМ әнімді орындап жатқанда денем тітіркеніп, ерекше күйде болдым. Әнімнің өзге мемлекетте және өте үлкен ән байқауында орындалып жатқандығына қуандым», - дейді әнші Құрмаш Маханов.

Ата кетерлік жәйт, Құрмаш Маханов бұл әнді арнайы "Жаңа толқында" АДАМ-ның орындауы үшін жазған еді. Сонымен қатар, әншінің сөзінше, ол өз әнін АДАМ-ға су тегін түрде тарту етіпті. 

«Юрмалада әділ-қазылар орындау шеберлігін бағалайды. АДАМ-ның орындау шеберлігіне бәріміздің де көңіліміз толды. Байқау кезінде қатысушылар арасында психологиялық нағыз күрес болды. Бәрі сахнада жеңіс үшін күресті. Мәселен, Роберто да күресу үшін келгені байқалады. Естуімше, оның жақын арада әкесі қайтыс болған екен. Ол осы жеңісін әкесіне арнамақ болып келген екен. Робертоның әкесі әнші кісі. Байқау кезінде АДАМ-ды Николай Носковпен таныстырдым. Болашақта бірлесіп бір тректі өмірге әкелуіміз әбден мүмкін. Оның айтуынша, дәл АДАМ секілді вокалшы Қазақстанда бұған дейін болған емес. Мүмкін одан төмендер мен одан биіктер болған шығар. Бірақ дәл АДАМ-дай ешкім болған жоқ. Байқауда ол көбін  шын мәнінде мойындатты», - дейді АДАМ-ның музыкалық жетекшісі Элхан Ахмедов.

«Біз Германиядан келген жас орындаушы Линданың продюсерімен өзара сұхбат құрдық. Осы әңгіменің нәтижесінде не Европада не өз елімізде Линда мен АДАМ-ның концертін беруіміз мүмкін. Әйтпесе екеуі дуэт болып ән шырқауы да мүмкін. Малайзиялық орындаушының да продюсерімен сөйлестік. Олар да бізбен бірігіп жұмыс жасауға ниетті екендігін білдірді", - дейді Динара Адам сөз соңында. 

«Осы байқаудың арқасында мен енді ешқандай сахнадан қорықпаймын. Мен «Жаңа толқыннан» көп нәрсе алдым"- деп әсерімен бөліскен АДАМ баспасөз отырысы соңында арнайы журналистер үшін жанды дауыста "Гүлістан Қазақстаным" әнінен үзінді орындап берді. 


«АДАМ» продюсерлік орталығы жақын арада АДАМ «Жаңа толқынның» ақтық мәресінде орындаған Құрмаш Махановтың әніне, Балғынбек Имашевтың сөзіне жазылған «Гүлістан Қазақстаным» әніне бейнебаян түсірмек. Байқаудан көңілі тоқ қайтқан АДАМ-ның бас продюсері Динара ендігі уақыттарда оны басқа байқауларға қатыстыратындығын және АДАМ-ның нағыз байқауға арналған орындаушы екендігін айтып өтті. 

Дайындаған және суретке түсірген: Ақерке Әбілхан

А. Әбілхан