Алматыда оркестрлер парады өтеді

Алматыда оркестрлер парады өтеді

Осымен төртінші рет Алматы қаласының Абай алаңында 23-25 тамыз күндері аралығында қала күнін тойлау мақсатында оркестрлер парады басталып, артынша мәдени бағдарламалар жалғасады.

Биыл аталмыш мәдени шара «Шығармашылық тәжірбие»: классикалық әлемдік музыкалық шығармалар мен аты әлемге әйгілі композицияларды қазақтың ұлттық аспаптарымен ойнау форматында өтпек. Шарада атақты оркестрлер мен белгілі поп-орындаушылар музыкасүйер қауымның құлағының құрышын қандырмақ. Ал бұл жарқын шоулардың бәрі де бейнежазбаға түсіріліп, үлкен экрандардан көрсетіліп отыратын болады.

Ал Нұрғиса Тілендиев атындағы фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі «Шығыс пен Батыстың шығармашылық бенефисі» деп аталатын бағдарлама аясында акция жариялайтын болады. Онда Алматы жайлы туындылар орындалатын болады. Кештің ең үздік нөмірі – Ресейдің империялық балетінің жетекшісі Г.Таранданың ерекше мәнерлеуімен дайындалған «Шахеризада» қойылымы. Оны қазақстандық музыканттар орындайтын болады. Бұл шараға қазақстан және ресейлік оркестрлер жарты жылдан бері дайындалды. Нәтижесін аталмыш шара күні Абай алаңында тамашалауға болады.

Екінші күні «Сүйікті кинолардың музыкасы» феериясы өтеді. Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық опера және балет театрының симфониялық оркестрі «Жұлдызды әскерлер» кинофильміндегі танымал шығармаларды және Гарри Поттер туралы трилогияның саунд-трегін, «Титаник» кинофильміндегі әнді және «Опера елестері» мен голливудтық «Сұлу бикештер» кинофильміндегі және басқа да танымал кинотуындылардағы әндерді орындайтын болады. Сонымен қатар, шарада аты аңызға айналған кеңестік «Қызметтік роман» мен «Санниковтың жері» атты кинотуындылардағы белгілі әуендер мен Е.Догидың атақты вальстері орындалмақ.

Шараның жабылу салтанатында «Біз балалық шақтың тумасымыз» атты бағдарламасы ұйымдастырылады. Бұл шарада атақты мультфильмдердегі саунд-тректер мен фильмді сүйемелдеген әуендер орындалатын болады. Онда "Walt Disney" мен "Союзмультфильм" киностудияларының туындыларын Қанат Ахметов пен Александр Беляковтың жетекшілігімен Мемлекеттік үрмелі оркестр ойнайтын болады.

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: k1.kz

А. Әбілхан