Юрмалада Кутуньо қазылық етіп, Иглесиас ән салмақ

Юрмалада Кутуньо қазылық етіп, Иглесиас ән салмақ

Алдағы сейсенбіде Юрмалада басталатын «Новая волна 2013» танымал музыка жас орындаушыларының халықаралық байқауы 16 сайыскер арасында өтеді. Биыл қазылар алқасында ресейлік музыканттармен бірге әйгілі Тото Кутуньо да болады.

Ал Қазақстанның атынан байқауға ADAM атты сахналық образы бар Дәурен Оразбековтің қатысатынын бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Байқау шілденің 23-28-і аралығында өтеді. Алғашқы күні ашылу салтанатына арналған ауқымды концерт болады. Онда посткеңестік кеңістіктің Иосиф Кобзон бастаған танымал таланттары өнер көрсетеді. Бұл кештің арнайы қонағы франциялық-канадалық әнші Гару.

Келесі күні сайыстың «Әлемдік хиттер күні» аталатын алғашқы сыны болады, конкурстық кезеңнен соң Испанияның атақты әншісі Хулио Иглесиас пен әлемдік операдағы интернационал квартет Il Divo концерт береді. Байқаудың бұдан кейінгі күндері сайыскерлер үшін өз елінің хиттері мен жаңа авторлық әндерге арналады.

Үшінші сында қазақстандық ADAM композитор Құрмаш Махановтың әнін орындайды. Бұл күні сайыскерлерге Лара Фабиан өз өнерін ұсынады. Шілденің 26-сы күні «Дзинтариде» Леонид Агутиннің шығармашылық кеші өтеді, сонымен бірге, байқау болатын күндері жағажай футболынан кәсіби командалар арасында және сайыскерлер мен шоу-бизнес жұлдыздары арасында дәстүрлі турнир, сондай-ақ теннистен сайыскерлер мен кәсіпқой теннисшілер арасында турнир ұйымдастырылады. Байқау шілденің 28-і күні қорытындыланады. Бұл күні сайыс жеңімпаздарының есімі жария етіліп, марапатталады, Ресей эстрадасы жұлдыздарымен бірге әлемге әйгілі италиялық тенор Алессандро Сафина мен Франция классикалық кроссоверінің өкілі Эмма Шаплин ән салады.

Бес күнге созылатын ән мерекесін Қазақстан үшін трансляциялаудың оңаша құқығы «Жетінші арнаға» тиесілі. Айта кетейік, шілденің 12-16-сы аралығында Беларусьтің Витебск қаласында дәстүрлі «Славян базары» халықаралық өнер фестивалі өткен болатын. Бұл байқауда еліміздің атынан жас әнші Бердібек Құлғараев бақ сынап, жетінші орынды иеленді.

Жолдаған: Болатбек Мұхтаров

Сурет: relax.com.ua

А. Құлтай