«Славян базары - 2013» халықаралық фестивалінің қорытындысы

«Славян базары - 2013» халықаралық фестивалінің қорытындысы

Қазақстандық жас әнші Бердікбек Құлғараев Витебсктегі «Славян базары - 2013» халықаралық байқауының арнайы жүлдесіне ие болды.


Сонымен қатар, орындаушы Бердікбек Құлғараевқа мемлекетаралық «Мир» телекомпаниясының атынан «Ән – достыққа бастар жол» сыйлығы да табысталды. Бердібек «Славян әндері» категориясы бойынша Муслим Магомаевтың «Сенің іздерің» ("Твои следы") әнін орындаса, «Өз елінің әні» категориясы бойынша оның таңдауы Ержан Серікбаевтың «Кім білген» әніне түскен. Алғашқы орындауында 85 балды жинаған әнші сегізінші орыннан бой көрсеткен болатын. Ал екінші күні әділ-қазылар алқасы қазақстандық жас әншінің нөмірін 92 балмен бағалаған. Екі байқаумен шектелген «Славян базары» халықаралық фестивалінің қорытындысы бойынша, Бердібек Құлғараев 177 баллға ие болып, жетінші орынға тұрақтады.

Жиырма екінші рет өтіп жатқан «Славян базары» халықаралық фестивалінің бас жүлдесі польшалық орындаушы Михал Качмарекке бұйырды.

Диплом мен байқаудың мүсіншесінен басқа Польшаның әншісіне 15 мың доллар көлемінде қаржылай сыйақы табыс етілді. Жиырма екі жылдық тарихы бар бұл байқауда осы уақытқа дейін польшалық бір де бір орындаушы еліне бас жүлдемен оралған емес. Бұл – Польшаның алғашқы жеңісі. Бірінші орын және 9 мың доллар көлеміндегі қаржылай сыйақы Хорватия елінің әншісі Сабринаға бұйырды.

Ал екінші орын мен 6 мың долларлық қаржылай сыйлықты молдаван жігіті Евгений Андриянов мен грузин жігіт Арчил теңдей бөліп алды. Үшінші орынға Румыния елінің әншісі Кристи мен Белорусия елінің орындаушысы Александр Соловьев ие болды. Олар байқаудың алғашқы сынағында көш бастаған болатын. Әйткенмен екінші күні олардың бақтары шаба алмай, төменірек балл жинады.

«Славян базары» халықаралық фестивалінің әділ-қазылар алқасының құрамында Ресейдің халық әртісі Лариса Долина болды. Ал қазақстандық жұлдыздар арасынан қазылық етуге Ерлан Көкеев шақырылыпты. Айта кетерлік жайт, 2012 жылғы «Славян базары» халықаралық фестивалінде еліміздің атынан X-Factor тележобасының жеңімпазы Дария Габдулл өнер көрсеткен еді.

Ал 2011 жылы Әлішер Кәрімов үшінші орынға ие болып қайтқан еді. Осы жылы ұйымдастырушылар Әлішерді ашық музыкалық байқауға қонақ етіп шақырыпты. 2010 жылы отандасымыз Динара Сұлтан «Славян базары» халықаралық фестивалінен үшінші орынмен оралған болатын.

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суреттер: euroradio.fm

А. Әбілхан