«Астана жұлдызы» дарындыларды анықтайды

«Астана жұлдызы» дарындыларды анықтайды

Қазақ эстрадасындағы өнер жұлдыздары арасынан кәсіби есімдерді анықтау үшін тың жоба қолға алынғалы отыр. Аталған жоба кәсіби білікті сарапшылардың таңдауы арқылы дарындыларды анықтап, ұлттық музыка өнерінің одан әрі өркендеп, даму көкжиегін кеңейтуді мақсат етіп отыр. Бастамашысы Астана қаласының әкімдігі.

Бәйгенің атауы  – «Астана жұлдызы». «Байқауға ұзын-саны  350 үміткерден өтініш келіп түсті. Солардың ішінен соңғы бір жарым жылдың көлемінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген, концерттік бағдарламаларымен халықтың көңілінен шыққан орындаушыларға таңдау жасалынады. Яғни, фонограммамен ауыз жыбырлататын «айтқыштар» емес, табиғи талант, дарынды әншілер бағаланатын болады», - деді ҚР Халық әртісі Роза Рымбаева баспасөз мәслихаты барысында. Астана қаласының 15 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отырған өнер додасының жеңімпаздарын анықтау сәті де қаланың туған күнімен тұспа-тұс белгіленген. Дәлірек айтқанда, шілде айының 5 жұлдызы.

Бәйгеде «Үздік этно-топ», «Үздік эстрадалық дуэт», «Үздік композитор», «Жыл әні», «Ең стильді әнші» секілді 15 аталым бойынша марапаттар тапсырылады. ADAM Media Group компаниясының бас продюсері Динара Адамның мәлімдеуінше, төрешілер құрамы осал емес. Қазылар алқасының құрамында қазақ өнерінің жампоздары Бибігүл Төлегенова, Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов, Айман Мұсақожаева бастаған 100-ге жуық майталман бар. Сарапшылардың дауыс беруі үшін арнайы дауыс беру парақшасы дайындалады. Бірінші кезекте 15 аталым бойынша сайысқа қатысып отырған 350 үміткер арасынан лайықты деп танылған 45 қатысушы іріктеледі. Екінші кезекте, сайдың тасындай таңдап алынған 45-тің ішінен 15 әншіге «Астана жұлдызы» кубогы тапсырылмақ. 

Роза Рымбаева, ҚР Халық әртісі: 

- Соңғы жылдары әншілердің бағын сынап жатқан байқаулар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтардай қаптап кеткені рас. Қайсысы әуесқой, қайсысы кәсіби сайыс иесі, айырып болмайсың. Ал «Астана жұлдызы» елімізде ұйымдастырылып отырған алғашқы кәсіби музыкалық бәйге. Жоба отандық музыканың дамуына, жаңаруына, серпілуіне жаңа леп әкеледі деген сенімдемін. Себебі бұл жерде нағыз таңдау жасалады. Олардың арасынан таңдауды қазақ еліне еңбек сіңірген танымал әртістер, продюсерлер, сазгерлер, ақындар, музыка және сән-өндіріс мамандары жасайды. Бір сөзбен айтқанда, «Астана жұлдызы» ұлттық музыка бәйгесі отандық музыка өндірісіндегі теңдесі жоқ тың құбылыс болмақ. 

Жолдаған: Ақмарал Баязитова

Сурет: bnews.kz

А. Құлтай