Бэнкси картинасы 8 минут ішінде $10 миллионға сатылды

Түрлі қоғамдық мәселелер мен мәдени өзгерістерге байланысты өз пікірін көше ғимараттарының қабырғаларына қалдырып жүрген Бэнксидің "Қанекей, Маған Монені көрсетші" деп аталатын туындысы Sotheby's бәссауда үйінде бар болғаны 8 минут ішінде $10 миллионға сатылды.

Клод Моне шедевріне жасалған ерекше интерпретация бағасы бойынша түпнұсқа суреттен кем түспей тұр. Бэнкси 1899 француз импрессионисті салған "Жапон көпірінің" астындағы тоғанға құлаған супермаркет арбалары мен жол конусын "лақтыру" арқылы адамзаттың табиғатты қорлауын тоқтатуға тырысса керек.

Естеріңізге сала кетейік, Бэнкси лақап атымен танылған суретшінің кім екені белгісіз. Ол ешқашан халық алдына шықпаған және толық есімін жарияламаған. Оның ең басты ерекшелігі – тек мұражайлардан ғана тамашалауға болатын өнер туындыларын "көшеге шығаруы". Яғни, көпшілікке қолжетімді етуі.

Бір қызығы, былтыр YouGov жүргізген сауалнамаға сәйкес британиялықтардың сүйікті суретшісі Бэнкси екені анықталған. "Сіздің сүйікті суретшіңіз бен мүсіншіңіз кім?" деген сұраққа 2000 адам жауап берген екен. Олардың көпшілігі осы аноним шеберді атапты. Нәтижесінде Бэнкси классиктерден жоғары сатыға жайғасты. Одан кейінгі қатарларда Леонардо да Винчи, Винсент Ван Гог, Рембрандт пен Моне орналасқан. Оның есімінің көп аталуы стрит-арт пен андеграундтық өнердің танымалдығының дәлелі.