Рембрандт картинасының реставрациясын онлайн көруге болады

Рембрандт картинасының реставрациясын онлайн көруге болады
Фото: vk.com

Әлем көркемсурет өнерінде есімі өшпес шеберлердің бірі Рембрандтың "Түнгі барлау" (1642) картинасына реставрация, яғни, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. 

Бұл үдеріс бұрынғыдан өзге. Өйткені, жер жаһанның түкпір-түкпірінен келген суретшілер жұмысын онлайн тамашалауға болады. Тіпті, Амстердамдағы Рейксмюсеум мұражайына барып өз көзіңізбен көрсеңіз де, ешкім кедергі келтіре алмайды.

"Ол [реставрация] әлем жұртшылығының алдында жүргізіледі. Картинаның адамзат құндылығы екені баршаға мәлім, сондықтан бұл - біздің міндетіміз,"- деді  Рейксмюсеум директоры Тако Диббитс.

Ең үздік сарапшылар жұмылдырылған үдеріс бірнеше деңгейден тұрады. Ең алдымен, картинаның жоғары сапалы цифрлы көшірмесін жасау керек болады. Оның өзі кем дегенде 70 күн уақытты алғалы тұр. Осы қадамнан кейін мамандар суретті бастан-аяқ зерделеп, жұмыстың келесі сатыларының жоспарын жасайды.

Туынды реставрациядан соңғы рет 1970-ші жылдары өткен. Ол кезде Уильям де Рейк (кейін психиатриялық емхана жіберілген, сол жерде 1976 жылы өз-өзіне қол жұмсап өлген) есімді азамат картинаны пышақпен тіліп тастамақ болған. Қазір жәдігердің түстері кете бастады. Оны қалпына келтіру 2019 жылдың шілдесінде басталады.

А. Оралқызы