Атақты режиссер Дэвид Линч өнердегі жолын суретші ретінде бастаған

Атақты режиссер Дэвид Линч өнердегі жолын суретші ретінде бастаған
Фото: vk.com

Лос Анджелестегі Kayne Griffin Corcoran галереясында культті режиссер Дэвид Линч салған картиналар көрмесі ашылды.  

Экспозицияда автордың сюрреалистік суреттері ұсынылған.  Көрмеге "Бұл жұмыстарда Линч өзін қарапайым және күтпеген жағдайдағы нысандар мен кейіпкерлерді бейнелейтін әңгімеші ретінде көрсетеді" деген сипаттама берілген.

Режиссердің суреттеріндегі көріністер шындықты зерттейді. Әр суреттің өзі шертер сыры бар. Автор кішкентай өлі құс ұстаған әйел сынды "біртүрлі" кейіпкерлерге әуес. Линчтің айтуынша, жазылған сөздер оның суреттерінің маңызды бөлігі болып табылады, оларсыз толыққанды туынды болмайды.

Естеріңізге сала кетейік, Дэвид Линч Twin Peaks сериалының режиссері ретінде танымал болғанымен, өнердегі алғашқы қадамын суретші ретінде бастаған. Бұл туралы Джон Нгуйеннің 2016 жылы жарыққа шыққан "Дэвид Линч: Өнердегі өмір" деректі фильмінде айтылады.

А. Оралқызы