Мона Лизаны ұрлау

Мона Лизаны ұрлау
Фото: mylouvre.su

Леонардо да Винчидің "Мона Лизасының" әлемге әйгілі болуына картинаның ұрлануы мен оған жасалған қастандықтар да үлкен үлес қосқан. 1911 жылдың 21 тамызында Винченцо Перуджа есімді шыны шебері Луврда ілулі тұрған "Джоконданы" ұрлап кетеді.

Картинаның қолды болғанын ең алғашқы боп Луи Беру дейтін француз суретшісі байқаған. Ол сол кезде "Луврдағы Мона Лиза" деп аталатын өзінің тарихи картинасын салып жатқан болатын. Дереу Париж газеттері дабыл қағып, полиция аяғынан тік тұрғанымен, ұрының ізіне түсу оңай шаруа болмай шығады.

Лувр басшылығы заматта қызметінен босатылып, жаппай тергеуге алынған. Қызық болғанда, полиция әйгілі француз ақыны Гийом Аполлинерден күдіктеніп, бірден қамауға алады. Сөйтсе, ақын да қарап жүрмей, картина ұрланатын күннің таңында шарапханада отырып "Луврды барлық жәдігерлерімен қосып өртеп жіберу керек" деген секілді жайсыз әңгіме айтқан екен.

Аполлинер ақынның абақтыда жалғыз жатып іші пысты ма, әлде ыза қысты ма, мүмкін қалжыңдағысы келді ме екен, әйтеуір, жай отырмай, келесі бір жауап алу кезінде "Бір алса, картинаны Пикассо алуы мүмкін" дей салады. Полиция дедектетіп отырып Пабло Пикассоны әкеп ақын досының жанына қамап тастайды. Бірер күннен кейін екеуін де қоя берген, алайда, бұл оқиға картинаның да, қос таланттың да даңқын асырып жібереді...

Арада екі жыл өтеді. Картинаның табылуынан күдер үзіле бастайды. Бұл кезде "Мона Лиза" француз жерінен алыстап бара жатқан еді...

Ұрлық қалай жасалған?

Лувр музейінде шыны шебері боп жұмыс істейтін Винченцо Перуджа дүйсенбі күні музейдің жабық тұратынын ескеріп, күнілгері музей қоймасына жасырынып қалған. Бір тәулік түнеген ол, еш асықпастан картинаны қалыбынан ажыратып алып, киімінің ішіне жасырады да, ертесіне дым болмағандай үйіне қайтып кетеді.

Кей деректерде, кейіннен қолға түскен кезінде Перуджа картинаны патриоттық сезімнің жетегінде жүріп ұрлағанын мойындаған-мыс. Оның ойынша - италиялық суретшінің туындысы Франция музейінде тұрмауы тиіс екен...

Алайда, көптеген өнертанушылар бұл картинаны Францияға Леонардоның өзі алып кеп, король І-Францискуге өз қолымен тапсырғанын, Перуджаның білмеуі мүмкін емес деген пікір айтады.

Италияда жүріп Перуджа гәзетке хабарландыру берген көркемөнер галереяларының біріне "Джоконданы" сатпақ болады. Сол жерде қолға түскен. Сот оны 1 жыл 15 тәулікке бас бостандығынан айыру үкіміне кесіп, түрмеге тоғытқан. Алайда, Перуджа жарты жыл да отырмастан, бостандыққа шығып, ел ішінде "ұлтшыл азамат" атанып, әжептәуір абыройға ие болған көрінеді...

"Джоконданың" жұлдызды дәуірі туар тұста ақша жасап қалғандардың бірі - аргентиналық Эдуардо де Вальфьерно. Эдуардо "ғасыр айласын" жасамас бұрын, тиянақты түрде жоспар құрған көрінеді. Әуелі ол тәжірибелі өңдеуші-реставратор әрі әйгілі жалған туынды жасаушы Ив Шабро деген суретшіге алты бірдей "Мона Лизаның" көшірмесін салғызған. Сосын, Луврдағы картиналарды берік шынымен қаптаушы Винченцо Перуджаны іздеп табады.

Әрине, Эдуардоның Перуджаға аз-маз ақша беріп, картинаны ұрлауға тапсырыс беруі мүмкін.  Яғни, төлтуманы басқа адам ұрлайды, ал оның көшірмесін сатып, ақша табатын мүлдем өзге жан. Сонысымен де бұл - қайталанбас "ғасыр айласы!".

Әлемдік баспасөз бірінің аузынан бірі жұлып алып, да Винчидің табан астында қолды болған картинасы жайлы құтырта жазып жатқанда, Эдуардо ұрлық жәдігер десе ішкен асын жерге қоятын бірнеше сараң баймен астыртын кездесіп үлгереді.

Делдалдар арқылы сауданың сорпасын сапырған ол аз күннің ішінде кісі сенгісіз халде өте байып кеткен деседі. Алты көшірмені мұқият тексертіп алған алты сараңның әрқайсысы "Джоконданың" түпнұсқасына ие болдым деп, картинаны кісі көзінен жасырғанымен қоймай, мұндай сауданың болғаны жөнінде өмір бойы тіс жармай кеткен көрінеді...

Ең таң қаларлығы, Эдуардо елдің ауызын ұрып сатқаны соншалық, ол алты көшірме күні бүгінге дейін еш жерден төбе көрсетпепті.

Кәсіпқой коллекционер Эдуардо де Вальфьерно өмірінің соңғы сәтіне дейін еш мұңсыз, ел көзіне түспей өмір сүреді. Тек, 1930 жылы ғана, өлерінің аз-ақ алдында "ғасыр айласын" қалай ұйымдастырғаны жөнінде журналистерге айтып кеткен екен.

Әрине, мұндай таңғажайып оқиға жерде жатпасы анық! Осыншалық құйтырқы саудаға таң қалғаны сонша, Госс Джеймс ("Доктор Кім") және Адам Дуглас ("Ажал шаһары") деген жазушылар роман жазады. Аргентиналық Мартин Кэпаррос дейтін жазушы 2004 жылы Эдуардо де Вальфьерноның өмірбаянын көркем туынды етіп жазып шықты. Мұнан өзге, Эдуардоны басты кейіпкер еткен "Мона Лизаны ұрлау" туындысы 2011 жылы жарық көріп, "Ұрлық өнері" деген кино түсірілген...

Винченцо Перуджа

Эдуардо де Вальфьерно 1931 жылы 81 жасында өмірден озды...

Қанат Ескендір

Massaget.kz