Далидің беймәлім картинасы

Далидің беймәлім картинасы
Фото: vk.com

Аса талантты Сальвадор Далидің туындыларына ұқсас тағы бір картина табылды. Шамамен 1932 жылы салынған сурет Нью-Йорк қаласындағы Хизер Джеймс көркем галереясына қойылады. Шебердің бұрын беймәлім болған картинасы 75 жыл жеке коллекцияда сақталып келген.

Дали шығармашылығын зерттеп жүрген белгілі өнер сарапшысы Николя Дешарн біз әңгімелеп отырған туындының нағыз түпнұсқа екенін айтады. Ол 2014 жылы табылған «Сальвадор Далидің құрсақта пайда болуы» аталатын картинаны анықтау барысында да үлкен еңбек сіңірген болатын. 

Біріншіден, кенептегі Gala Salvador Dali жазуы оның өмірі мен шығармашылығында маңызды орын алған жұбайы Галаға деген құрметін көрсетсе керек.

Екіншіден, картинада Далидің қолтаңбасы екеніне ешкім күмән келтірмейтін қос бірдей суреткерлік элемент бар, олар: қабырғадағы терезе мен сол терезеден шығатын флагшток. Пигменттік ерекшелігі де шебер шығармашылығының 1932 жылдардағы кезеңіне сай келеді.

Дали өз әдетіне салып бұл суреттің атауын да мың өзгерткендіктен, Дешарн оның бұрын қай көрмелерге қойылғанын анықтай алмады. Десе де картина Париждегі  Пьер Коле галереясында өткен көрмеде болғаны анық, себебі 1932 жылғы жазбаларда атаусыз бірнеше жұмыс болғаны көрсетілген. 

А. Оралқызы