«Кока-кола бөтелкесі» картинасы бәссаудада $2,5 миллионға сатылды

«Кока-кола бөтелкесі» картинасы бәссаудада $2,5 миллионға сатылды
Фото: vk.com

Christie’s бәссауда үйі Лондон қаласында шағын лоттар сатылымын ашқан болатын. Олардың ең қымбаты, яғни, топ-лот «Кока-кола бөтелкесі» болды. Оның дизайнын 1962 жылы атақты суретші Энди Уорхолдың өзі жасаған екен. Сурет $2,5 миллионға сатылды.

Кішкене нысандарды сату туралы ой Christie’s сауда ұйымы ұжымына арт-дилер Эрнст Байелердің «Шағын формат» аталатын көрмелер концепциясы құрылған кезде келген. Өткен ғасырдың 50-70 жылдары Galerie Beyeler көрмесі осындай ерекшелік негізінде құрылған.

Естеріңізге сала кетейік, Christie’s саудасының топ-лоты Уорхолдың жібекбаспа стиліндегі алғашқы туындысы. Ал, өнерсүйер қауым жібекбаспа стилінің Уорхолға қандай атақ-даңқ әкелгенін жақсы біледі. Айтқандай, аталған мәнерде жасалған суреттердің бірі өткен аптада Қастеев атындағы өнер мұражайы қорын толықтырған болатын.

Уорхол бірнеше картинасын АҚШ-тың ең сәнқой бірінші ханымы, қастандықпен өлтірілген Джон Кеннедидің жұбайы Жаклин Кеннедиге арнаған. Ол мұндай портреттер сериясына 1964 жылы ақпан айында кірісіп, жалпы саны 50 шақты картина салған. Сол суреттердің бірі өнер туындыларын жинаушы Нұрлан Смағұловтың топтамасында болған. Кәсіпкер сыйды Астана Моторс компаниясының 25 жылдық мерейтойына орай беріп отыр.

Негізгі нысанға оралатын болсақ, $2,5 миллионға сатылған «Кока-кола бөтелкесінің»  көлемі бар болғаны 28*15 см. Оның бетіне суретшінің менеджері Фредерик Хьюз: «Мен бұл Энди Уорхол салған түпнұсқа сурет екеніне куәлік етемін»,- деп жазған.

Сондай-ақ, соңғы уақыттарда Энди Уорхол туындылары ең көп сатылған суретшілер тізімін бастап тұр. Мысалы, 2013 жылы оның бәссаудада сатылған туындыларының жалпы құны 427,1 миллион долларды құрады. Олардың ішіндегі ең бағалысы 1962-1964 жылдар аралығында салынған үлкен форматты картиналар. Олардың әрқайсысының бағасы 100 миллион долларға дейін барады. 2013 жылдың қараша айында «Күміс қақтығыс» (1963) картинасы 105,4 миллион долларға сатылып, рекорд жаңартты.

А. Оралқызы