Бір суреттің тарихы: “Отбасымен бірге”

Автор: Пабло Пикассо

Салынған жылы: 1903

Кенеп, майлы бояу. 150x203 см 

Льеже заманауи өнер мұражайы, Бельгия 

Белгілі қылқалам шебері Пабло Пикассо шығармашылығын бірнеше кезеңге бөлуге болады: кубизммен әуестенуі, сюрреализм стилінде белсенді еңбектенуі, сонымен қатар, постимпрессионизм, “көгілдір” және “қызғылт” түстермен байланысты жұмбаққа толы көркемдік кезеңдері.

Біз қарастырып отырған 1903 жылғы “Отбасымен бірге” (“Семья вместе”) туындысы шебердің “көгілдір” түспен әуестенген кезеңіне сәйкес келеді. Пикассоның 1902-1905 жылдар аралығындағы туындылары көк түстің суық әрі қараңғы реңдеріне қанық. Олар қартаю, кедейлік, қасірет сынды өмірдің ең қатыгез тұстарын бейнелейді.

Өнертанушылар айтуынша, Паблоның жақын досы бұл фәниден кетуі оның нәзік жүрегіне қаяу түсіріп, күңгірт сарындағы картиналар тууына түрткі болған көрінеді. Қасірет шеккен қылқалам шеберінің жүрегін күннің нұры жылыта алмаған-ды.

Оның көңілін аулайтын бір ғана дүние бар еді. Ол – шығармашылық. Паблоның дарынынан хабардар адамдар ұсыныс білдіріп тұратын. «Отбасымен бірге» картинасы да сондай ұсыныстардың жемісі.

1903 жылы Солер деген барселоналық тігінші өзінің және әйелінің портретін, оған қоса отбасылық кескін жасауын сұраған болатын. Шебер оның үшінші тілегін орындады.

“Отбасымен бірге” картинасы Маненің “Көгалдағы таңғы ас” суреті секілді француз импрессионистерінің арасында кең тараған жанрда жасалған. Өнер туындысында отағасы мен жұбайы, олардың 4 баласы және ит кескінделген. Әрқайсысының бет-бейнесі өзіндік ерекшеліктерді көрсеткенімен, олардың жалпы схематикасындағы Пикассоға тән біртектілікті байқамау мүмкін емес.

Кенептің ортасында – ақ дастархан, оның үстінде жемістер, бос ыдыс, бөтелке мен қоянның ұшасы (туша), ал қасында – аңшы мылтығы.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, картина шебердің түнек тұнған “көгілдір” түспен әуестенген кезеңіне сәйкес келсе де, “Отбасымен бірге” трагизмнен аулақ. Бұл туындыдағы көк түс, керісінше, жылы көрінеді, отбасылық ыстық ықыластың лебі сезілетіндей.

Пикассоның басқа жұмыстары сынды “Отбасымен бірге” картинасы да әлемді мойындатты. “Солер отбасы” деген атпен де танымал туынды қазір Бельгияның Льеже қаласындағы заманауи өнер мұражайында сақтаулы тұр.

Сурет өнерінің барша кезеңі бір өзінің бойынан табылатын айрықша дарын иесінің өзге де ерекше шығармаларымен алдағы уақытта танысамыз.