"Армандастар" - қазақ жастарына ой салатын фильм

"Армандастар" - қазақ жастарына ой салатын фильм

Бүгін еліміздің бірқатар кинотеатрларынан «Қазақфильм» киностудиясының жаңа туындысы, режиссер Ерлан Сағыновтың «Армандастар» («Ради будущего») фильмі көрсетіле бастайды.

«Армандастар» - Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халықаралық «Болашақ» стипендиясы жүлдегерлері туралы фильм. Әлемнің үздік білім ордаларында тәлім алған қазақ жастарының өмірбаяны мен тағдыры, өзге елде бастан кешкен шынайы оқиғалары фильм желісіне арқау болды.  


Әр кейіпкердің өз тағдыры, өз өмір жолы, арман-тілегі, мақсат-мұраты бар. Біреуі төзе біледі, біреу көне біледі. Біреу жеңсе, біреу жеңіледі. Сондай-ақ, білім қуған жастар туралы кинобаянда мемлекетіміздің тәуелсіздік жылдарындағы қарқынды дамуы көрсетіледі. Өзге елде сапалы білім алып, тағдырлары әрқилы өрбіген өз еліне жастардың тағдырлары туған жерде қайта тоғысады.

«Армандастар» фильмдегі бас кейіпкерлердің бейнелері алыстан алынбаған. Режиссер Ерлан Сағыновтың айтуы бойынша, ол фильм түсірмес бұрын, Астанаға арнайы келіп, «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алған мамандармен бірнеше кездесу өткізген. Кездесуге келген әрбір түлектің бастан кешкен оқиғасын тыңдап, оларды фильмге арқау етті.


Фильм түсіру жұмыстары Астана, Алматы, Қарағанды, Париж және Берлин қалаларында өтті. Басты кейіпкерлердің бейнесін Әділ Ахметов, Елдар Отарбаев, Айнара Ырысдәулетова, Марлен Жұмақов, Ғабит Мұстафа, Андрей Марычев сияқты жас әрі танымал актерлер сомдады.

Шынайы өмірден сыр шертетін шытырман оқиғаларға толы «Армандастар» білімге құштар, мақсатшыл қазақ жастарына ой салары сөзсіз.

Суреттер: bnews.kz, kino.kz 

Ғ. Ұзақ