Баян Есентаеваның киносына сценарий жазыңыз!

Баян Есентаеваның киносына сценарий жазыңыз!

Продюсер және актриса Баян Есентаева өзінің кезекті жаңа кинофильміне сценарий іздеуде, деп хабарлайды tengrinews.kz. Оның сөзіне сенсек, жақында ғана оған өзгелер қаржыландыратын киноға продюсерлік ету үшін ұсыныс жасалыпты. 

Есентаева өзіне үнемі фестивальдық кинолардың ұнайтынын айтады. "Бұл, әрине, мен үшін үлкен мәртебе. Бірақ әлі де бұл жөнінде толық ақпарат айту ертерек. Бастысы - қазір сценарий табу. Сондықтан біз ең үздік сценарийге байқау жариялап отырмыз", - дейді продюсер. Ол өзінің мұндай істе бірінші рет білек сыбанып тұрғанын айта келіп, қазақ киносына үлес қосар бір туындыны жасап шығарарына сенеді. 

Продюсердің сөзінше, кинодағы бағытты қайда бұру жөнінде, режисерлік етуге кімді шақыру жөнінде де өзіне таңдау беріліпті.

Баян Есентаеваның таңдауына ілігетін сценарийде міндетті түрде адам өмірінің қызыққа толы тарихы болуы тиіс. "Мысалы онда бір қыздың немесе бір мұғалімнің басына өткен оқиғалары жазылса да болады", - дейді Баян. 

Баян Есентаева қалжың-шынын қайдам, кинода режисерлік етуге Ермек Тұрсыновты да шақыруы мүмкін екендігін айтып қалды. 

Онымен қоса, продюсер жақын арада "Тракторшымен махаббат" атты романтикалық комедияның түсіріліміне кірісетінін айтты. Ол қазақстандық көрермендерді күтпеген жаңалықтар күтетінін, осы оқиға желісімен телехикая түсіруі де мүмкін екендігінен хабардар етті. 

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: vlast.kz

А. Әбілхан