Қазақстандық фильм Берлинде бәйгеге түсіп жатыр

Қазақстандық фильм Берлинде бәйгеге түсіп жатыр

Бүгін, яғни, 7 ақпан күні 63-Берлин кинофестивалі басталды. Конкурстың негізгі бағдарламасына шара тарихында алғаш рет "Қазақфильмнің" туындысы - "Гармония сабақтары" фильмі қатысып отыр. Картина режисері Эмир Байғазин. Жеңімпаздардың есімі 16 ақпан күні жария етіледі.

Фильм продюсері Анна Качконың айтуынша, бұндай дәрежедегі фестивальдерде туындылар алдын ала көрсетілмейді.

"Негізгі конкурстық бағдарламаға қатысатын кинофильмдер сайыс басталмайынша ешкімге көрсетілмейді. Яғни, құпия сақталады. "Гармония сабақтары" фильмінің жабық көрсетілімі 14 ақпан күні өтеді. Фильмнің ресми тұсаукесері содан кейін болады. Күннің екінші бөлігінде Берлинале орталық сарайында фильмнің премьералық көрсетілімі өтеді деп жоспарланып отыр", - деді Качко.

Продюсердің айтуынша картинаның халықаралық агенті франциялық FILMS DISTRIBUTION компаниясы.

Шараға Мэтт Деймон, Джуд Лоу, Стивен Содерберг, Жюльет Бинош, Катрин Денев, Изабель Юппер секілді өнер майталмандары қонақ болады.

Айта кетелік, 28 жастағы режисер Эмир Байғазиннің "Гармония сабақтары" туындысы 2011 жылы VII "Еуразия" Халықаралық кинофестивалі аясында өткен "Киножобалардың қазақстандық нарығында" («Spotlight: New Kazakh Cinema») бас жүлдеге ие болды. Фильм осылайша "Қазақфильм" киностудиясының қаржылай қолдауы мен Халықаралық нарыққа шығуға мүмкіндік алған болатын.

ап

"Гармония сабақтары" фильмінен көрініс

Фильмнің түсірілім жұмыстары 2012 жылдың маусым айында аяқталды. Дәл осы айда алғашқы материалдар Сараеводағы Халықаралық кинофестивальде қазылар назарына ұсынылып, Work-in-Progress жобасының конкурстық бағдарламасында бірінші орынға ие болды. Сол жылы туынды "Бүкіләлемдік Кино Қорының" (Berlinale World Cinema Fund) сыйлығын ұтып алды. 

Айта кетелік, Берлин кинофестивалі әлемдегі ең беделді көрсетілімдердің бірі болып саналады.

Бұл жылы ұйымдастыру алқасына 3000-ға тарта өтініш келіп түскен екен. Қазақстандық туынды Стивен Содерберг, Гас Ван Сент, Бруно Дюмон секілді режисерлардың фильмімен таласқа түседі.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: academic.ru, aktualno.ru