Оскар-2012. Қорытынды

Оскар-2012. Қорытынды

26-нан 27 ақпанға қараған түні әдеттегідей Лос Анджелес қаласының Kodak кинозалында жыл сайынғы «Оскар» салтанатты марапаттау кеші өтті. Осы жылы Мишель Хазанавичюстің "Артист" фильмі 10 түрлі номинациялар бойынша үміткер болды. Бір ғана номинация бойынша Мартин Скорсезенің «Хьюго» фильмі басып озды. Екі картина да басты жүлделер (үздік фильм, үздік режиссура, сценарий) бойынша сынға түсті. "Артист" фильмі актерлік номинациялар бойынша озып шықса (Жан Дюжарденнің үздік еркек рөлі және Беренис Бейоның екінші пландағы үздік актриса рөлі), "Хьюго" техникалық деңгейі жағынан қалыспады (үздік визуалдық және дыбыстық эффектілер).

Осы жылғы Оскар маусымы айқын көшбасшының жоқтығымен және қатысушылардың әртүрлілігімен ерекшеленді. Алайда кеш соңында көшбасшы "Артист" бейнесінде айқындала бастады.

"Артист" фильмінде ойнаған Жан Дюжарден және Беренис Бэйо

Кеш жүргізушілері мен жеңімпаздарды жариялауға Кристиан Бэйл, Колин Фёрт, Мелисса Лео, Натали Портман, Холли Берри, Роуз Бирн, Брэдли Купер, Том Круз, Пенелопа Круз, Кэмерон Диас, Майкл Дуглас, Уилл Феррелл, Тина Фей, Зак Галифианакис, Том Хэнкс, Анжелина Джоли, Мила Йовович, Дженнифер Лопес, Мелисса Маккарти, Эмма Стоун, Мерил Стрип және Кристен Уиг сияқты танымал жұлдыздар шақырылған. Және тоғызыншы рет басты жүргізуші болып Билли Кристал тағайындалды.

Техникалық жағынан бағалау бойынша үздік операторлық жұмыс номинациясы  "Хьюго" фильмі үшін Роберт Ричардсонге бұйырды. Сонымен қатар "Хьюго" үздік көркем безендіру, үздік дыбыстық монтаж, үздік дыбыстық және визуалды эффект жүлделерін жеңіп алып, барлығы 5 Оскар сұлбасын үйлеріне әкетті. Үздік монтаж номинациясы бойынша «Айдаһар татулы қыз» озып шықты.

  

"Хьюго" фильмінен кадр

Костюмдердің үздік дизайны жағынан "Артист" фильмінің тобы марапатталды. Үздік гримге Оскар сұлбасы "Темір әйел" ("The Iron Lady") картинасында жұмыс атқарған мамандарға берілді.

Сандра Баллок "Шет тіліндегі үздік фильм" атағын Иранның "Надер мен Симиннің ажырасуы" («Jodaeiye Nader az Simin») картинасына тапсырды.

Екінші пландағы үздік актриса атағымен "Қызметші" («The Help») фильміндегі рөлі үшін Октавия Спенсер марапатталды, ал екінші пландағы үздік еркек рөлі марапатын "Бастаушылар" («Beginners») фильміндегі ойыны үшін Кристофер Пламмер иемденді. 82 жасар Кристофер Пламмерді бәрі орындарынан тұрып, қарсы алды.

Кристофер Пламмер

Америка Киноакадемиясы жылдың үздік мультфильмі деп Гор Вербинскидің "Ранго" анимациялық жобасын атады.

Сценарий үшін берілетін "Оскар" жүлдегерлері мыналар: "Үздік бейімделген сценарий" санаты бойынша "Ұрпақтар" фильміне атсалысқан Александр Пэйн жеңімпаз атанса, "Үздік өзіндік сценарий" номинациясында "Париждегі түн жарымы" («Midnight in Paris») кинотуындысын түсірген Вуди Аллен марапатталды.

"Артист" фильмі үшін Мишель Хазанавичус үздік режиссер атанды. Және де композитор Людовик Бурсе "Артист" фильміндегі әуендері үшін "Үздік саундтрек" номинациясы бойынша жүлдегер атанды.

 "Үздік еркек рөлі" атағымен "Артист" фильмінде басты рөлді сомдаған француз актері Жан Дюжарденге бұйырды. Мэрил Стрип "Темір әйел" картинасындағы басты рөлі үшін («Үздік актриса») Оскар сұлбасын алды.

Ал 84-ші Оскардың "Үздік фильмі" болып Мишель Хазанавичустің "Артист" фильмі танылды.

"Оскар" жүлдегерлерінің толық тізімін Америка Киноакадемиясының ресми сайтынан біле аласыздар.

Жазбада kinostan.kz сайтының мәліметтері пайдаланылды.

Суреттер: oscars.org, seattlepi.com, shockya.com, csmonitor.com