Нұрлан Санжарұлы: "Сатыбалды Нарымбетов автобуспен жүруге ұялатын"

Нұрлан Санжарұлы: "Сатыбалды Нарымбетов автобуспен жүруге ұялатын"

Бірнеше буынның сүйікті фильмі атанған "Менің атым Қожа" фильмінің таспаланғанына биыл 59 жыл толды. Бұл фильмді режиссер Абдолла Қарсақбаев жазушы Бердібек Соқпақбаевтың осы аттас повесті бойынша түсірді. Жарты ғасыр ішінде көптеген адамның сүйікті фильміне айналған кинокартинаның кейіпкерлеріне жақында елордамызда ескерткіш орнатылды.

Осыған орай Массагет порталының тілшісі кинотундыда Қожа рөлін сомдаған актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Санжарұлымен фильм жайлы, шығармашылығы мен өмірі жайлы сұхбаттасты.

***

Абдолла Қарсақбаев менің тағдырыммен айналыспады

"Менің атым Қожа" үкіметтің қатал сынына ұшырады. Сол арада үлкен ұлы Нұрлан тауда жазатайым қаза тапты. Кейін әйелімен ажырасты. Солардың бәрі оған қатты соққы болды. Көп өмір сүрмеді. Ерте қайтты. Сондықтан оның маған қарайлауға мұршасы болмады. Ал менің өміріме тікелей әсер еткен адам – Шәкен Айманов. Мектепті бітіргенде шақырып алып: "Актердің оқуын оқы!" деді. Оған дейін "Земля отцов" фильміне рөлге бекітті. Бірақ киноға түсуден бас тарттым. Себебі, "Менің атым – Қожаны" 11 ай түсірдік. Ұзақ уақыт талмай жұмыс істедік. "Тұр" десе тұрдым, "отыр" десе отырдым. Оның бәрі шаршатып жіберді. Киноға түсемін деп мектепте қатарластарымнан 1 жыл қалып қойдым. Сондықтан, Шәкен Айманов киноға шақырғанда "қайта-қайта қалып оқи беремін бе?" деп бармай қойдым. Кейін Өскеменде орыс тілі мен әдебиетін оқып, Қатонқарағайда 3 жыл мұғалімдік қызмет атқардым. Шәкен Айманов тағы шақырып алып: "ВКИГ-ке тапсыр, режиссеруға бар" деді. Бірақ мен оған  режиссер бола алмайтынымды айттым. Шәкенге дейін бұл оқу орнына түсуіме Абдолла Қарсақбаев қарсы болған. Себебі, ол "Менің атым – Қожа" нашар фильм деп ойлады. Өмірімді құртқан осы картина деп есептеді. Сондықтан, кино менің де өмірімді бұзады деген шығар. Абдолла "шедевр" тудырғанын білмей кетті ғой. 

Бердібек Соқбақпаевтың арманын орындадым

Шығармада Қожаның арманы қандай еді.  Жазушы болу еді. Сол арманды, Бердібек Соқбақпаевтің арманын мен орындадым. Алғашында студент кезде-ақ, газетке жұмысқа тұрдым. 1 жыл жұмыс істедім. Осылайша өзімді жазуға машықтандырдым. Кейін Мәскеуге барып ВКИГ-тің сценарий мамандығына тапсырдым. 1 орынға 52 адам таласты. Соның ішінен оқуға түсіп кеттім. Драматургияның шебері Евгений Габриловичтен сабақ алдым. Елге келгесін киноларға сценарий жаза бастадым. Қазір 8 толық метражды фильмнің сценарийін жазыппын. Мысалы, "Аллажар" фильмінің сценарийін мен жаздым. Сосын "Оралман" фильмі. Көптеген халықаралық байқаулардан орын алды. 5 гран-при иеленді. Қазір 2 сценариім бойынша фильм түсіріліп жатыр. Оның бірін Сатыбалды Нарымбетов екеуміз бастаған "Жаңғырық" кинокартинасы. Екіншісі өткен ғасырдың 30 жылдарындағы аштық туралы. "Өліара" деп аталады.

Одан бөлек бірнеше кітаптың авторымын. "Ангелочек" повестімді оқырмандар жылы қабылдады. Бестселлерге айналды. Студенттерге арнап жазған кітаптарым бар. Олар Германияда жарық көрді.

Ақан Сатаев бізді жұмыстан шығарып жіберді

Ақан Сатаев мені жұмыстан шығарып жіберді. Сатыбалды Нарымбетовты да шығарды. Кейін Сатыбалды фильміне қаржылай қолдау болмай ауырып қайтыс болды ғой. Шалдан 100 мың теңгелік жалақыны аяды. Ол маған да қарыз. Әйелі екеуі "Аллажар" фильмінде ойнады. Кейін алдымнан да өтпеді. Өзі сондай бала. Бізді жұмыстан шығарғанда өкпелеп кетіп қалдым. Қазір аздаған зейнетақым бар. ҚазҰУ-да сабақ беремін.

Қазақ телесериалы өте нашар

Бізде телесериалды өте нашар түсіреді. Оның екі себебі бар. Біріншіден, журналистер драматургияны оқымайды. Екіншіден, драматургияны оқыған Жүргеновтен келген режиссерлер телесериалдың не екенін білмейді. Олар бәріне өнер деп қарайды. Телесериал деген өнер емес. Содан қазір "Ламберт" деген Германияның ғылым баспасынан 3 кітап шығардым. Оның бірі – "Введение в теорию киномедиа" деп аталады. Amazon-да сатылады. Бұл кітап сценарий жазу, редакторлық ету – жалпы телесериалдың қалай түсірілуін үйретеді.

Елімізде сценарист мамандығын оқытпайды

Сценарий жазуды бәрі оңай деп ойлайды. Режиссерлер өзіміз түсіретін фильмнің сценариін өзіміз жазып аламыз дейді. Шын мәнінде, сценарий жазу үлкен күш. Ол мамандық. Филология сияқты оның да өз заңдылығы болады. Жүргеновте сценарий мамандығын оқытпайды. Себебі, оқытатын ешкім қалмады. Қалғаны мен. Ермек Тұрсынов – ол кетіп қалды. Сергей Бодров – ол да кинода. Қалғаны Шахимардан Құсайынов. "Балкон" фильмнің сценариін сол жазған. Минстірлікке Жүргеновте кинодраматургия деген кафедра ашыңыз деп қанша рет айттық. Сондықтан, Жүргеновте студенттер өздері сценарий жазып өздері түсіреді. Содан нашар фильм туады. Өзі жақсы сценарий жазып, өзі түсіретін бір адамды білемін. Ол – Серік Апырымов.

Дәрежан Өмірбаевті ел түсінбейді

Дәрежанды ел түсінбейді, жек көреді. Жалпы, авторлық фильмді халық түсінбейді ғой. Бірақ, француздың клласикалық режиссері Жан Люк Годар: "Мен енді өлуден қорықпаймын, себебі киноға Дәрежан Өмірбаев дейтін режиссер келді" деп айтқан екен. Біз киноға кәсіби маман ретінде қараймыз. Ал, Дәрежанның киносын қарап отырсаң, одан Годардың, Бессонның картиналарын көресің. Оның стилі  – "французский". Сатыбалды екеуміз темекі шегіп отырғанда: "Ей, сен ауылдан шықтың, қазақсың! Неге сен кинокартиналарың "французский", неге қазақты көрсетпейсің?" деп  ұрсатын едік. Енді жақында "Ақын" деген фильмі шықты. Содан кейін оған: "Міне, біздің сынымыз саған пайдасын берді" дедім. Қазақтың жанын қалай ашып көрсеткен. Токиодан "Үздік режиссер" атанып қайтты. Бразилияда "үздік фильм" сыйлығын алды. Осы фильмде қазақ авторлық фильмінің қалай болатын Дәрежан ашып көрсетті. Бұрын ол еуропаша ойлайтын, түсіретін еді. Енді қазығына қайтып оралды.

Ұлым орысша білмейді

Мен қазір проза жазып жатырмын. Иә, орысша жазамын. Қазақшаға шорқақтаумын. Біздің кезімізде сондай болды. Ақпаратты, білімді беретін тіл орыс тілі еді. Оның үстіне Алматыда қазақша бір ғана мектеп бар болатын. Содан орысша оқыдық. Орысша сөйлеп кеттік. Қазақша үйрену үшін университетті бітіргесін шалғайдағы Қатонқарағай аулына барып 3 жыл сабақ бердім. Олжас Сүйлейменов та орысша жазды емес пе? Бірақ, бәрібір қазақтың ақыны. Сендерге айтсам күлесіңдер, біз отбасымызбен үйде қазақша сөйлесеміз. Әйелім екеуміз  балаларды қазақша тәрбиеледік. Тіпті ұлым орысша білмейді. Керісінше, менің қазақша сөйлегеніме күліп отырады. Қызым шет тілінде оқып, аудармашы мамандығын алды. Ағылшын тілінен тікелей қазақ тіліне тәржімалайды.

Сатыбалды Нарымбетов автобуспен жүруге ұялатын

Сәкен (Сатыбалды) маған жұмыстан қайтарда: "Жүр таксимен қайтайық" дейді. Мен оған:  "Неге, таксимен? Жүр автобуспен барайық, оңайым бар" дейтінмін. Сәкен болса: "Мені жұрт таниды, автобуспен жүргенде көріп қалып, Сәкеннің  машинасы жоқ екен" деп айтады дейтін. Мен керісінше ұялмаймын. Адам елмен қатар жүруі керек қой. Тек, жасымыз келгесін сәл қиналып жүрмін.

Т. Раушанұлы