Отбасымен көретін сенбілік фильмдер топтамасы

Отбасымен көретін сенбілік фильмдер топтамасы
Фото: freepik.com

Мектептен босаған балақайлар ендігі уақытын ата-ана, достарымен өткізгісі келетіні анық. Соңғы қоңыраудан кейінгі алғашқы демалыста сіздерге бірге көруге бірнеше фильмдер мен мультфильмдер топтамасын ұсынамыз.

Питер Қоян (Peter Rabbit 2: The Runaway, 2021)

Аңқау әрі ешнәрседен қорықпайтын Питер атты қоянның көптен күткен арманы орындалды: қала сыртында кең бақшасы бар үйде өз отбасымен еркін өмір сүру. Бірақ үнемі шытырман оқиғаға тап бола беретін Питер бұл жерде де басы дауға қалады. Отбасын қатерге тігіп, бір жамандықтан әрең құтылады. Бұл не болуы мүмкін? Дала еркіндігі қызықтырған болар.

Митчелдер машинаға қарсы (The Mitchells vs. The Machines, 2021)


Кэти Митчелл ата-анасы оның фильм түсіру қабілетін еш түсінбейді деп ойлайды. Өзінің армандаған киномектебіне оқуға қабылданғанына қатты қуанған еді. Бірақ әкесі елдің бір шетіндегі оқу орнына қызын жалғыз жібергісі келмей, отбасылық саяхат жасауды құп санайды. Алайда жолда оларды күтпеген жағдай күтіп тұрғанын білмейді. Бүкіл робот-машина апокалипсі басталып кетеді. 

Үйге апарар жол (Back to the Outback, 2021)

Аустралияның тұмса табиғаты жайлы естіп пе едіңіз? Кенгуру мен коаладан басқа да таңғаларлық табиғат иелері туралы мультфильмде кеңінен біле аласыз. Хайуанаттар бағында келушілерді бірі қорқытып, бірі тамсандырып жүрген 5 аң бір түнде қашып кетпекші болады. Себебі жабайы табиғаттағы туған ортасын іздеуге аттанады.

Аралардың құпия өмірі (The Secret Life of Bees, 2008)

Анасынан ерте айрылған 14 жастағы Лили Оуэнс озбыр әкесімен бірге тұрудан басқа амалы жоқ. Бірақ, көрсеткен қысымына бұдан әрі шыдау мүмкін емесін білген ол құрбысы Розалинмен бірге қашып кетеді. Қалада өзі іздеп келген бір үй бар-тын. Лилидің анасына тиесілі суретте осы бір әдемі үй бейнеленген.  Оны шытырман өмір күтіп тұр.  

Виво (Vivo, 2021)

Кішкентай кезінен бері Виво есімді сүйкімді кинкажу өнерді жақсы көретін және көше музыканты Андреспен бірге көпшілік алдында өнер көрсеткенді жаны сүйетін. Бір күні Андрес алыстағы сүйгенінен хат алады. Ол Андресті өзімен бірге ән шырқауға шақырады. Бұл оған сезімін білдіруге және оған арнап жазған әнін сыйлауға таптырмас мүмкіндік еді. Алайда Андрес ештеңеге үлгермейді. Сол үшін Виво әлгі әйелге әнді табыстау үшін әлем шарлап кетеді. 

Флора мен Улисиес (Flora & Ulysses, 2021) 

10 жастағы Флора Бакман есімді қыз суперқаһармандар туралы комисті жақсы көреді. Әкесі секілді. Бірде ол ерекше қабілеті бар тиінді кезіктіреді. Тиін мен Флораның достығына сырттан қауіп төнеді. Жаудан қорғанудың жоспарын дайындауға кіріседі.  

"Адам" жобасы (The Adam Project, 2022)

12 жастағы Адам Рид қараңғы түнде әкесінің ескі сарайына кірсе бөтен ер адамды кездестіреді. Ол өзін болашақтан келген Адам ретінде таныстырады. Басын тәуекелге байлап, аса құпия тапсырма орындау үшін өткенге келген ересек Адамның әуе кемесі апатқа ұшырайды. Енді оған кішкентай Адамның көмегі керек.

Қызылға айналамын (Turning Red, 2022)

Мэйлинь – белсенді, мұңаюды білмейтін, анасын қуантқысы кеп жүретін 13 жастағы қыз. Бір-ақ түнде оның өмірі өзгеріп шыға келеді. Өз эмоциясын басқара алмай, қатты қуанып не қатты ашуланса, қызыл пандаға айналып кетеді. Достардың қолдауы, эмоция мен қорқынышты жеңе білу тәрізді керек құндылықтарды жақсы насихаттайды. 

Г. Берік