Гаспар Ульельді ұмыттырмайтын 5 картина

Гаспар Ульельді ұмыттырмайтын 5 картина

Осыдан 3 күн бұрын, яғни, 19 қаңтарда актер Гаспар Ульель шаңғымен сырғанау кезінде қайтыс болды деген хабар тарады. Өз заманындағы ең жарқын француз актерлерінің бірі болған Гаспар небәрі 37 жаста еді.

Оның мансабы 1999 жылы, жігіт 15 жаста болған кезде басталды, ал 18 жасында Гаспар француздың басты киносыйлығы «Сезарға» алғаш рет ұсынылды. Оның фильмографиясында эстетикалық кино да, ауқымды тарихи эпостар да бар, бірақ әлем жұртшылығы оны «Сен-Лоран. Стиль деген – мен» фильміндегі Ив Сен Лоран рөлі арқылы біледі. Біздің материалда актердің ең жарқын рөлдері туралы оқи аласыздар. 

 «Ұзақ атастыру» 

Париждің шетінде өскен стилистердің ұлы Гаспар Ульель өзінің алғашқы танымал рөлін 20 жасында ойнады. 2004 жылы ол культті режиссер Жан Пьер-Жененің «Ұзақ атастыру» фильмінде жоғалған солдат рөлін сомдады. Оны іздеп жүрген сарбаздың қалыңдығын Одри Тату сомдаған. Жененің әскери драмасы бүкіл әлемде резонанс тудырды, фильм бес «Сезар» сыйлығын жеңіп алды. Сол кезде Гаспар Ульель ең перспективті актер ретінде танылып арнайы мүсінше алған еді. 

 «Ганнибал. Шарықтау» 

23 жастағы актерге әлемдік танымалдықты  Ганнибал Лектердің жастық шағы және оның бойында адамдарды өлтіруге деген құштарлық қалай туатынын баяндайтын «Ганнибал. Шарықтау» фильмі әкелді. Гаспар Ульельдің өзі айтқандай, бұл оның мансабындағы ең қиын рөлдердің бірі болды. Оған себеп Лектердің жағымсыз кейіпкер болуы емес, бүкіл әлемдегі көрермендердің санасында қалыптасып қалған Ганнибал бейнесі бар болуына байланысты еді. Бірақ жас актер өзіне артылған міндетті әдемі орындап шықты.

 «Сен-Лоран. Стиль деген – мен»    

2014 жылы Гаспар Ульель атақты кутюрье Ив Сен Лоранның рөлін сомдады. Содан кейін актердің кез келген кейіпкерді дерлік оңай бағындыратыны белгілі болды. «Сент-Лоран. Стиль – бұл мен» картинасы Сен-Лоранның 1965 жылдан 1975 жылға дейінгі басынан кешіп, саяхаттап, шабыттанып, сұрақтарына жауап іздеп өткізген өмірін  баяндайды. Гаспар Ульельдің орындауындағы аты аңызға айналған француз кутюрьесі – ойлы, нәзік, зерделі адам. Айтпақшы, Сен-Лоранның досы және серіктесі Пьер Бергер бұл фильмді түсіруге қарсы болды және түсірілім командасына мұрағатқа кіруге рұқсат бермеді.

 «Бұл дүниенің ақыры ғана»

Бұл Гаспар Ульелдің ғана емес, сонымен қатар осы таспаның режиссері Ксавье Доланның ең жақсы жұмыстарының бірі. 2016 жылы қазіргі француз киносының барлық дерлік жұлдыздары – Натали Бай, Винсент Кассель, Марион Котийяр, Леа Сейдудің басын қосқан фильм Канн кинофестивалінде бас жүлдені жеңіп алды. Таспаның бас кейіпкері - 12 жыл жырақта жүріп кейін үйіне оралған жазушы Луи. Луи ауруға шалдыққанын және жуырда өмірден өтетінін отбасына айтқысы келеді. Бірақ оның экстраваганттық отбасы кейіпкер басынан өткеріп жатқан драманы байқар емес. Өнер сүйер қауым бұл оның ең терең кейіпкерлерінің бірі екенін айтады.

«Бір патша – бір Франция» 

Гаспард Ульелдің мансабында көптеген тарихи фильмдер болды. Солардың бірі – 2018 жылғы «Бір патша – бір Франция» картинасы. Ол Бастилияны басып алу және Француз Республикасының тууы туралы баяндайды. Гаспар Ульел өзінің сүйіктісі Франсуазамен (Адель Хаенель) көшедегі наразылықтарға жетекшілік ететін жас романтик Базилді ойнады.

А. Оралқызы